Әр суицид бойынша қылмыстық іс қозғалу керек – Асхат Аймағамбетов

Әрбір суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізілу керек. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Әр суицид бойынша қылмыстық іс қозғалу керек – Асхат Аймағамбетов
Фото: ашық дереккөз

Отырыстан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Асхат Аймағамбетов ол ұсыныстың мәнін түсіндірді.

«Қазір біз суицидтердің бәрі бойынша қылмыстық іс қозғала бермейтінін көріп отырмыз. Бұл – проблема. Сондықтан біз, біріншіден, әрбір суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды, яғни тергеу жүргізуді ұсынып отырмыз. Екіншіден, жаңа екі қылмыстық құрам ұсынылып отыр. Бұл – суицидке итермелеу және суицидті насихаттау», - деді ол.

Депутат бұл баптар бойынша да жауапкершілік енгізу керек дегенді айтты.

«Синий кит» деген сияқты онлайн платформалардағы дүниелерді естіген шығарсыздар. БАҚ-та суицидті насихаттау және суицидке итермелеу туралы мәліметтер тарап жатады. Біз осының бәрін айқын реттеу керек деп есептейміз. Жауапкершілік болу керек», - деді Асхат Аймағамбетов.

Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың мәліметі бойынша, биыл Астанада 9 айда 83 жасөспірім суицид жасаған. 

Соңғы жаңалықтар