Араб елдері Ирландия, Норвегия және Испанияның Палестинаны мойындауын қалай қабылдады

Араб елдері Ирландия, Норвегия және Испанияның Палестинаны мойындауын қалай қабылдады
Коллаж: Kazinform / pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Ирландия, Норвегия және Испания 28 мамырдан бастап Палестина мемлекетін мойындайтындықтарын мәлімдеді. Араб елдері еуропалық мемлекеттердің Палестинаны мойындауына қалай қарайтыны жайлы Kazinform-нан оқыңыздар. 

Палестина, Сауд Арабиясы, Мысыр және Иордания Еуропаның үш мемлекетінің шешімін жоғары бағалады

Палестина басшысы Махмуд Аббас кеңсесі Норвегия, Испания және Ирландияның Палестина мемлекетін мойындайтындыны туралы мәлімдемелерін құптады. Президент әкімшілігі жария еткен үш бөлек мәлімдемеде соңғы жылдары үш елдің Палестина халқының құқықтарына көрсеткен қолдауын, сондай-ақ халықаралық форумдарда «палестиндіктердің өз жерінде өзін-өзі анықтауы» пайдасына олардың дауыс берулерін жоғары бағаланған. 

Аталған елді азат ету ұйымы да Норвегия, Испания және Ирландия шешімін қолдап, мәлімдеме жасады.

«Палестина халқы бастан өткізген ондаған жылдар бойғы палестиндік ұлттық күрестен, азаптан, оккупациядан, нәсілшілдіктен, адам өлтіруден, езгіден, зорлық-зомбылықтан және қиратулардан кейін азат әлем шындық пен әділеттілік жолында жеңіске жеткен тарихи сәтке куә болды. Біз Палестина тәуелсіз мемлекетін мойындаған және мойындайтын әлем елдеріне алғыс айтамыз. Біз бұл аймақтағы тұрақтылыққа, қауіпсіздікке және бейбітшілікке апаратын жол екенін растаймыз», - деп мәлімдеді Палестинаны азат ету ұйымы Атқарушы комитетінің бас хатшысы Хусейн аш-Шейх.

ХАМАС саяси бюросының жоғары лауазымды мүшесі Басем Наим үш еуропалық елдің аталған елдің мемлекеттігін мойындауға итермелеген жайт Палестина халқының «батыл қарсылығы» болғанын мәлім етті. 

«Бұл дәйекті мойындаулар Палестина халқының батыл қарсылығы мен аңызға айналған төзімділігінің тікелей нәтижесі саналады… Біз бұл Палестина мәселесі бойынша халықаралық ұстанымның бетбұрысты кезеңі болады деп санаймыз», - деді Наим.

Сауд Арабиясы Палестина мемлекетін үш еуропалық елдің мойындауын құптады және жоғары бағалады. 

«Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясы Корольдігі бауырлас Палестина мемлекетін Норвегия Корольдігі, Испания Корольдігі және Ирландия Республикасының мойындауын қолдау, ризашылығын білдіреді», - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Иордания Дублин, Осло және Мадридтің үйлесімді әрекетін «Палестина мемлекеттілігіне маңызды және айтарлықтай қадам» ретінде қолдау білдірді.

«Біз достас еуропалық елдердің бүгін Палестина мемлекетін мойындау туралы шешім қабылдауын құптаймыз», - деді Иорданияның Сыртқы істер министрі Айман Сафади Амманда өткен баспасөз мәслихатында. 

«Біз бұл шешімді бағалаймыз және оны 1967 жылдың шілдесіндегі шекара бойымен тәуелсіз, егемен Палестина мемлекетін қамтитын екі мемлекет құру туралы шешімнің маңызды қадамы деп санаймыз», - деді Сафади. 

Мысыр да Еуропаның үш елінің Палестинаны мойындау туралы шешімін құптайды және басқа мемлекеттерді де үлгі алуға шақырады. 

«Мысыр Араб Республикасы мұндай қадамға әлі бара қоймаған елдерді Палестина мемлекетін мойындауға қарай ілгері жылжуға үндейді», - делінген Араб Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Ахмед Абуль Гейт те Палестинаның мойындалуын құптап, оны батыл қадам деп санайтынын жеткізді. 

«Мен бұл елдерді осынау қақтығыста тарихтың дұрыс жағына қарай қадам жасағаны үшін құттықтаймын және алғыс айтамын. Мұндай қадам әлі жасамаған елдерді алғашқы батыл қадамын жасаған үш мемлекеттің жолын ұстануға шақырамын», - деді Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшы. 

Палестинаның мойындалу жылнамасы

2024 жыл

Осы айда БҰҰ Бас ассамблеясының 193 мүшесінің 143-і Палестинаның БҰҰ-ға кіруін қолдап дауыс берді. Таяу Шығыстың, Африка мен Азияның басым бөлігі Палесинаның мемлекеттілігін мойындайды. Дегенмен, АҚШ, Канада, Австралия, Жапония, Оңтүстік Корея және Батыс Еуропаның көптеген мемлекеті палестиндіктердің мемлекеттілігін мойындауға асығар емес.

Биыл Палестинаны Багам аралдары, Тринидад пен Тобаго, Ямайка және Барбадос мойындады. 

2011-2023 жылдары

AlJazeera агенттігінің хабарлауынша, 2011 жылы Палестина БҰҰ-ға толыққанды мүше ретінде қосыла алмағанымен ЮНЕСКО палестиндіктерге БҰҰ-ның мәдениет жөніндегі агенттігіне толыққанды мүше жолына мүмкіндік берді. Осыдан кейін АҚШ аталған органды қаржыландырудан бас тартқан болатын. 

2012 жылы Бас ассамблеясы Палестина мәртебесін „мүше саналмайтын бақылаушы мемлекетке“ өзгерту үшін дауыс берді. Ал 2015 жылы Халықаралық қылмыстық сот Палестина мүддесіне оң шешім шығарды.

2023 жыл: Мексика

2019 жыл: Сент-Китс пен Невис

2018 жыл: Колумбия

2015 жыл: Сент-Люсия

2014 жыл: Швеция

2013 жыл: Гватемала, Гаити, Ватикан

2012 жыл: Таиланд

2011 жыл: Чили, Гайана, Перу, Суринам, Уругвай, Лесото, Оңтүстік Судан, Сирия, Либерия, Сальвадор, Гондурас, Сент-Винсент пен Гренадины, Белиз, Доминика, Антигуа және Барбуда, Гренада, Исландия.

2000-2010 жылдары

1999 жылдың 4 мамырындағы Осло келісіміне сәйкес, Палестина тәуелсіз мемлекет болуы тиіс еді. Алайда, жаңа мыңжылдықта екінші халық көтерілісінің басталуымен ерекшеленді. 

2010 жыл: Бразилия, Аргентина, Боливия, Эквадор

2009 жыл: Венесуэла, Доминикан Республикасы

2008 жыл: Коста-Рика, Ливан, Кот-д’Ивуар

2006 жыл: Черногория

2005 жыл: Парагвай

2004 жыл: Шығыс Тимор

1989-1999 жылдары

Алғашқы келісімге 1993 жылдың 13 қыркүйегінде Ослода қол қойылды. Израильдік және палестиндік көшбасшылар арасындағы келісімде әр тарап алғаш рет бір-бірін мойындады. Екі тарапта ұзақ жылдарға созылған жанжалды доғаруға уәде берді. Екінші келісім 1995 жылдың қыркүйегінде жасалды. Осло келісімі палестиндіктердің Израиль жанындағы палестиндік мемлекеттік форманы өздері таңдауына жол ашуы тиіс еді.

1998 жыл: Малави

1995 жыл: ОАР, Қырғызстан

1994 жыл: Тәжікстан, Өзбекстан, Папуа-Жаңа Гвинея

1992 жыл: Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Грузия, Босния мен Герцеговина.

1991 год: Свазиленд Корольдігі

1989 жыл: Руанда, Эфиопия, Иран, Бенин, Кения, Экваториальды Гвинея, Вануату, Филиппин.

1988 жыл

1988 жылдың 15 қарашасында Палестинаны азат ету ұйымының төрағасы Ясир Арафат астанасы Иерусалим болатын Палестина тәуелсіз мемлекетін жария етті. Ол мұндай мәлімдемені Алжирде жасады. Алжир де Палестина тәуелсіздігін бірінші болып мойындады. Содан кейін Палестина тәуелсіздігін мойындаған елдер мыналар: Бахрейн, Индонезия, Ирак, Кувейт, Ливия, Малайзия, Мавритания, Марокко, Сомали, Тунис, Түркия, Йемен, Ауғанстан, Бангладеш, Куба, Иордания, Мадагаскар, Мальта, Никарагуа, Пәкістан, Қатар, Сауд Арабиясы, Араб Әмірліктері, Сербия, Замбия, Албания, Бруней, Джибути, Маврикий, Судан, Кипр, Чехия, Словакия, Мысыр, Гамбия, Үндістан, Нигерия, Сейшель аралдары, Шри-Ланка, Намибия, Ресей, Беларусь, Украина, Вьетнам, Қытай, Буркина-Фасо, Комор аралдары, Гвинея, Гвинея-Бисау, Камбоджа, Мали, Моңғолия, Сенегал, Венгрия, Кабо-Верде, Солтүстік Корея, Нигер, Румыния, Танзания, Болгария, Мальдив, Гана, Того, Зимбабве, Чад, Лаос, Сьерра-Леоне, Уганда, Конго Республикасы, Ангола, Мозамбик, Сан-Томе және Принсипи, Габон, Оман, Польша, Конго Демократиялық Республикасы, Ботсвана, Непал, Бурунди, Орталықафрикалық Республика, Бутан, Батыс Сахара. 

Соңғы жаңалықтар