Араб мемлекеттері ХАМАС-тан қарусыздануды және биліктен бас тартуды талап етті
АСТАНА. KAZINFORM — Араб мемлекеттері алғаш рет Газа секторын бақылауды Палестина әкімшілігіне беру туралы ұстанымды жария түрде мақұлдады.

Қатар, Сауд Арабиясы, Мысыр, Иордания және Түркия ХАМАС-ты қарусыздандыруға және Газа секторындағы биліктен бас тартуға шақыратын декларацияға қол қойды.
Нью-Йорк декларациясы деп аталатын құжат БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Израиль мен Палестина қақтығысы мәселесіне арналған конференцияның қорытындысы бойынша қабылданды.
Мәлімдемені 17 ел, сондай-ақ Еуропа одағы мен пен Араб мемлекеттері лигасы қолдады.
— Газадағы соғысты аяқтау тұрғысында ХАМАС биліктен бас тартып, халықаралық қолдаумен Палестина әкімшілігіне қаруды тапсыруы керек, — делінген декларация мәтінінде.
Turkiye, Qatar, & other Arab countries call on Hamas to disarm as part of 'two state solution' declaration
— The Cradle (@TheCradleMedia) July 30, 2025
——
Arab and Muslim countries, including Saudi Arabia, Qatar, Egypt, Jordan, and Turkiye, along with 17 other nations, the Arab League, and the European Union, signed the… pic.twitter.com/Ce9Tv4riSq
Бұл мәлімдеме — Араб мемлекеттері лигасы мүшелерінің ХАМАС-ты алғаш рет бірлесіп айыптауы.
Соғысты тоқтатуға арналған үндеу
Декларацияда Израильдің Газадағы бейбіт тұрғындар мен инфрақұрылымға жасаған соққысы, гуманитарлық көмекке шектеу қоюы, Батыс жағалауда елді мекен салуы және қоныстанғандар тарапынан болған зорлық-зомбылық айыпталған. Құжатта Израильді палестиналықтардың тәуелсіз мемлекет құру құқығын тануға және араб аумағын, соның ішінде Шығыс Иерусалимді басып алуын тоқтатуға шақырады.
— Соғысты тоқтату, кепілге алынғандарды босату және тәуелсіз әрі демократиялық Палестина мемлекетін құруды жүзеге асыру арқылы ғана осы өңірдегі қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге қол жеткізе аламыз, — деп аталып өткен құжатта.
Халықаралық миссия және экономика
Конференцияға қатысқан елдердің өкілдері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандаты бойынша Газа секторында уақытша халықаралық тұрақтандыру миссиясын құру, сондай-ақ Палестина экономикасы мен білім беру жүйесін қалпына келтіру идеясын қолдады.
Палестина және Израиль оқулықтарындағы өшпенділікке алып келетін материалдарды жою қажеттілігі ерекше атап өткен.
Саяси белгі мен перспективалар
Конференцияның тең төрағалары Франция мен Сауд Арабиясы бұл декларацияны тарихи маңызы бар құжат деп атады.
Конференцияға қатысқан Франция мен басқа да 14 елдің сыртқы істер министрлері әлем елдерін Палестина мемлекетін мойындауға шақыратын «Нью-Йорк үндеуі» атты бастама көтерді. Бұл туралы Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро мәлім етті.
— Біз Палестина мемлекеттілігін өңірдегі тұрақты бейбітшілік жолындағы қажет қадам ретінде тануды ілгерілету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз, — деді Барро.
Мәлімдемеге Андорра, Аустралия, Канада, Финляндия, Франция, Исландия, Ирландия, Люксембург, Мальта, Жаңа Зеландия, Норвегия, Португалия, Сан-Марино, Словения және Испанияның сыртқы істер министрлері қол қойды.
A New York avec 14 autres pays, la France lance un appel collectif : nous exprimons notre volonté de reconnaître l'Etat de Palestine et invitons ceux qui ne l’ont pas encore fait à nous rejoindre. pic.twitter.com/faCYTYwmES
— Jean-Noël Barrot (@jnbarrot) July 30, 2025
Сондай-ақ ол араб елдерінің біртұтас ұстанымына тоқталды:
— Араб елдері алғаш рет ХАМАС-ты қарусыздандыруға, оны Газа секторын басқарудан шығаруға шақырды және Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге дайын екендіктерін мәлімдеді, — деді министр.
Дегенмен, Израильдің өзі және оның негізгі одақтасы АҚШ конференцияға қатыспады. Израильдің шенеуніктері декларацияның мазмұнын сынап, қазіргі жағдайда Палестина мемлекетін құру мүмкіндігін жоққа шығарды.
Ал Ұлыбритания мен Франция қыркүйекте Палестина мемлекетін мойындау ниеттерін жариялады.
Өткен аптада Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаны мойындайтынын жариялады.
Жақында бұл бастамаға Ұлыбритания үкіметінің басшысы да қосылды. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер егер Израиль алдағы сегіз апта ішінде атысты тоқтатуға және ұзақ мерзімді бітімгершілік процесіне келіспесе, Ұлыбритания қыркүйектегі кездесуге дейін Палестина мемлекетін мойындайтынын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Газаның қоршаудағы секторындағы бүкіл халық өткір азық-түлік тапшылығын бастан кешіріп отыр. Бұл туралы БҰҰ жариялаған «2025 жылғы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану» атты баяндамада айтылған.
Жақында Кир Стармер Газадағы жағдайға байланысты министрлер кабинетінің шұғыл отырысын шақыратынын жазған едік.
Осыған дейін Газа секторында аштықтан қайтыс болғандар саны 127 адамға жеткені мәлім болды.