Араб мемлекеттерінің Катармен байланысын үзуі: себептері мен салдары

ӘБУ-ДАБИ.ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн, Йемен және Египет Катар мемлекетімен дипломатиялық байланыстарын үзді. Парсы шығанағындағы араб елдері монархиялар блогының іргесі сөгілуінің себептері туралы тілшіміз хабарлайды.

Араб мемлекеттерінің Катармен байланысын үзуі: себептері мен салдары

Сауд Арабиясы
Дохамен дипломатиялық байланысты тоқтату жөніндегі хабарлама алдымен Сауд Арабиясынан келді. Саудия баспасөзінің хабарлауынша, Эр-Рияд  «бұл шешімді Сауд Арабиясының ішкі қатарындағы өзара тартыстарды күшейтіп, королдіктің егемендігін ыдыратуға бағытталған және лаңкестер мен экстремистерге қолдау көрсету бойынша Катар билігі тарапынан жасалған жүйелі және өрескел бұзушылықтардан кейін қабылдаған».

Экстремистік топтар қатарында Сауд Арабиясы Катарды «Мұсылман бауырлар», «Ислам мемлекеті», «Әл-Каида» ұйымдарына қолдау көрсетіп, оны жасырып келгені және олардың қызметін телеарналар арқылы насихаттағаны үшін айыптады.

Эр-Риядтың мәлімдемесінде  «Катар сондай-ақ, Иранның ықпалындағы Сауд Арабиясының Катиф провинциясы және көршілес Бахрейн Корольдігіндегі террористік топтардың қызметін қолдайды. Доха ел ішінде және шет елдердегі бірлікті тұрақсыздандыруға талпынушы экстремистерді қабылдап, қаржылай қолдау көрсетіп, жасырумен айналысады. Катар бұқаралық ақпарат құралдарын араб елі арасындағы ішкі тартысты күшейту мақсатына пайдаланды. Сондай-ақ, Доха билігінің Йемендегі заңды үкіметті қолдау жөніндегі коалиция құрылғаннан кейін де «хусит» жауынгерлеріне қолдау көрсетіп келгендігі белгілі болды», - делінген.

БАӘ
БАӘ Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Сауд Арабиясының Катарға қатысты ұстанымын толық қолдайтындығы және мемлекет Парсы шығанағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіріп, Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерімен арадағы міндеттер мен келісімдерден бас тартып, қитұрқы әрекеттер жасайтындығы айтылған.

БАӘ Катардың дипломатиялық миссиясына Әбу-Даби «Доха саясаты өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті шайқалтады» деп мәлімдегенннен кейін, елді тастап шығуы үшін 48 сағат берді. БАӘ Катар азаматтарын елден кетулері үшін 14 күн берілетіндігін ескертті. Сонымен қатар, Катар азаматтарына «БАӘ арқылы өтуіне» тыйым салды. Өз кезегінде эмираттықтарға да көршілес эмират еліне баруға және Катар арқылы өтуіне тыйым салынды.

Бахрейн
Бахрейн де «Корольдіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті шайқалтқаны үшін және эмираттың ішкі істеріне араласқан Катар әрекеттеріне» орай көршісімен қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдады.
Бахрейн мәлімдемесінде де Катардың бұқаралық ақпарат құралдарына жел беріп, Иранмен қатысты лаңкестік әрекеттерге қолдау көрсететіндігі айтылған.
Мұнда да Катар азаматтарының Бахрейн аумағыннан кету мерзімі 14 күн болса, ал Катар дипломатына елден тастап шығуына 48 сағат уақыт берілді.
Сондай-ақ, Бахрейн өзінің азаматтарының қарым-қатынас үзілгендіктен Катарға баруына және онда тұруына тыйым салды.

Египет
Египет жасаған мәлімдемеде Катармен байланысты үзудің негізгі себептерінің бірі Катардың Мысыр террористік топ ретінде қарастыратын «Мұсылман бауырлар» ұйымына қолдау көрсетуі.
«Сонымен бірге,  Катар «Әл-Каиданың» идеологиясын насихаттап, «Ислам мемлекеті» ұйымына және Синайдағы лаңкестік әрекетке қолдау көрсетті. Катар Египеттің және аймақтағы басқа елдердің ішкі істеріне араласуды талап етті, бұл араб елдеріндегі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп,  араб қоғамында бүлікшілік және жанжал шығу қаупін тудыратын», - делінген Египет СІМ-інің мәліметінде.  

Йемен
Йемен үкіметі Катарды ел аумағындағы жаулары - «хусит» қозғалысымен байланысы үшін айыптайды, деп хабарлайды елдегі Saba мемлекеттік ақпараттық агенттігі. Йемен үкіметінің мәлімдемесінде «Катардың шиит содырларымен  (хусит) байланысы барлығы және экстремистік топтарды қолдайтын әрекеті әшкере болды», - делінген.
Сонымен бірге, Сауд Арабиясы Катармен әуе, су және теңіз шекараларын жапты. БАӘ, Бахрейн және Египет те Катармен әуе және теңіз шекараларын жапты. Бұған қоса араб коалициясы Катардың Йемендегі легитимділікті қалпына келтіру мәселелері жөніндегі келіссөздерге қатысуын тоқтатқандығын жариялады.
Араб сарапшыларының басым бөлігі араб елдері монархияларының Катарға қатысты қоқан-лоққысын Эр-Риядқа АҚШ Президенті Дональд Трамптың келуімен байланыстырады. Олардың ойынша, Құрама Штаттары араб одақтастарына лаңкестік әрекетке қарсы күресте қолдау білдіріп, Эр-Рияд пен оның жақтастарына ұзақ уақыт бойы араб елінде айрықша ұстанымда болған Катармен «қатаң талап» қоюға мүмкіндік беретініне сендірген.
Алайда, осыншалықты «қатаң» санкциялар мен АҚШ қолдауындағы арабтар монархияларының бір ауызды болуы Катар элитасын көршілермен дереу тіл табысу жолдарын іздестіруге мәжбүр етуі мүмкін. Өйткені, Сауд Арабиясы және басқа да серіктестердің Катарға қарсы бұдан да радикалды қадамдарға баруы әбден мүмкін.