Араб саммиті Мысырдың Газа секторы бойынша жоспарын қолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Каирде өткен саммитте Газа секторын қалпына келтірудің құны 53 млрд доллар болатын бес жылдық жоспары қолдау тапты, деп мәлімдеді Мысыр президенті ас-Сиси, деп хабарлайды DW.

Араб мемлекеттері Лигасының төтенше саммитіне қатысушылар Израильмен соғыста қираған, 53 млрд доллар (шамамен 50,5 млрд еуро) шығынды талап ететін және палестиналықтарды қоныстандыруды қамтымайтын Газа секторын қалпына келтіру жөніндегі Мысыр жоспарын қолдады.
Каирдегі саммит қорытындысы бойынша қабылданған шешім туралы сейсенбі, 4 наурызда Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси мәлімдеді. Reuters агенттігі атап өткендей, бұл бес жылдық жоспар АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа тұрғындарының «достық» араб елдеріне жаппай көшуін талап ететін «Таяу Шығыс ривьерасы» туралы бұрын жариялаған көзқарасына мүлде қайшы келеді.
Мысыр президенті сөзінде Америка президентінің ұсынысы араб елдерінің өкілдері тарапынан қатаң сынға ұшырағанына қарамастан, Трамптың да аймақтағы бейбіт реттеуге үлес қоса алатынына сенім білдірді.
— Палестина мемлекетін құрмайынша шынайы бейбітшілік болмайды. Бейбітшілікке күшпен қол жеткізілмейді және оны күштеп міндеттеуге болмайды, — деді ас-Сиси саммиттің ашылуында.
Мысырдың қайта құру жоспары туралы не белгілі
БҰҰ мәліметінше, соғыс салдарынан Газа секторы 50 млн тоннадан астам қиранды астында, ғимараттардың 70 пайыздан астамы зақымдалған немесе қираған.
Dpa мен Reuters танысып өткен 112 беттік құжат жобасына сәйкес, қалпына келтірудің бастапқы алты айлық кезеңі үйінділерді ашуға және уақытша тұрғын үй орнатуға бағытталған және оған шамамен 3 млрд доллар жұмсалады.
Жоспардың бірінші кезеңінде Газа секторында алдағы екі жылда 200 мың тұрғын үй салу қарастылырған, екінші кезеңде де дәл осынша үй салынады. Құжат халықаралық қауымдастық пен донорларды жедел көмек көрсетуге шақырады. Бұл ретте Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы маңызды рөл атқаруы мүмкін деген болжам бар.
2030 жылға қарай жоспарда 3 млн-ға дейін адам тұратын жүздеген мың жаңа үй, сондай-ақ әуежай, индустриялық аймақтар, қонақ үйлер мен саябақтар салу қарастырылған. Мысыр президенті өз елінің палестиналықтармен бірге палестиналық сарапшылардан тұратын әкімшілік комитет құрғанын мәлімдеді. Бұл комитет гуманитарлық көмекті қадағалап, Газа секторын «Палестина билігі қайтып келгенге дейін өтпелі кезеңде» басқаруы тиіс.
ХАМАС қозғалысының өкілдері Мысырдың Газаны қалпына келтіру жоспарын құптаса, Израиль Сыртқы істер министрлігі саммиттегі декларацияны қатаң сынға алды.
— Мыңдаған израильдіктердің өмірін қиып, жүздеген адамды ұрлап әкеткен ХАМАС-тың қатыгез лаңкестік әрекеті туралы айтылмай отыр және бұл қанды лаңкестік ұйымды еш айыптау жоқ, — делінген оның мәлімдемесінде.
Еске сала кетсек, араб елдерінің сыртқы істер министрлері дүйсенбі күні Каирде Палестина халқын ешқайда көшірмей-ақ Газаны қалпына келтірудің «арабша жоспарын» пысықтау үшін дайындық отырысын өткізді.