Арақ пен темекінің бағасын өсіруден пайда бар ма?

Егер біз салауатты болашақ жасаймыз десек, қоғам болып жұмылып , салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында жан-жақты, көп жұмыстар атқаруымыз қажет. Сол кезде отандық бизнес өкілдері әлеуметтік зиянды тауарларды өндірумен айналысуды қоя бастайды. Бүгінде мұндайлар аз. Жастарымыз да күн санап зиянды әрекеттерден аулақ бола бастады. Дегенмен кейбір түйткілді мәселелерді айтпай кетуге болмас.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 5 миллионнан астам адам темекіге тәуелді екен. Күн сайын шылымның зардабынан туындаған аурулардан 70 адам қаза болады. Нақтырақ айтсақ, бір жылдың ішінде елімізде 25550 адам көк түтіннің зиянынан көз жұмады екен. Ал арақ-шараптың қоғамға әкеліп отырған зиянын айтып жатудың өзі артық секілді. Тек оның қазіргі базардағы бағасын айтар болсақ - бұрын бір литр арақ шамамен 500 теңге тұрса, енді ол 700 теңгеге дейін өсті. Алдағы уақытта да арақ-шарап бағасы қымбаттай бермек. 2014 жылға дейін жыл сайын 20 пайыздан аса қымбаттады.
Міне осы сияқты мәселелерге орай ҚР Қаржы министрлігі 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап темекінің бір қорабы үшін ең төменгі бағаны 200 теңгеден кем қылмауды ұсынып отыр.
Әлеуметтік зиянды тауарларды тұтынудан адамдарды алшақтату мәселесіне орай, темекі және алкоголь өнімдеріне акциздердің (тұтыну тауарларының және көрсетілетін қызметтердің бағасына қосымша салынатын салықтың бір түрі) мөлшерлемелерін арттыру жөнінде көптен айтылып келе жатқан еді.
Бұл арнайы жоба 2016 жылы күшіне енуі тиіс. Соның ішінде, темекі өнімдерінің акциз мөлшерлемесін де едәуір көбейту көзделіп отыр.
Әлеуметтік зиянды тауарларды қымбаттату арқылы адамдардың оған қолжетімділігін азайту - құптарлық идея.
Қазақстанда алкогольді және темекі өнімдерінің акцизі қымбаттайтын болса, бағаның көтерілуіне байланысты оны тұтынатын адамдар бірден бас тартып кете ме? Бұл да ойланатын мәселе. Бағаның аяқасты өсуі қара базарға жол ашпай ма?
Осы мәселелер туралы Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев былай деген болатын:
«Ішімдік сатудың ережелеріне қатаң тұсау саламыз. Ішімдіктің тек ірі сауда орталықтарында, мамандандырылған дүкендерде сатылатындығын қадағалаймыз. Тәртіп бұзылған жағдайда айыппұл да жоғары көлемде немесе жазаға тартылады: мүлік тәркілену, лицензиядан айыру, тіпті қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Спортты дамыту жұмыстары қолға алынып, көптеген шаралар жасалады. Ол үшін әрине, экономикалық өлшемдер керек. Тіпті, ересек адамдардың өзі тірнектеп тапқан табысын удай қымбат шылымға жұмсау алдында ойланып қалуы тиіс. Ал жасөспірімдердің қалтасы бір бөтелке ішімдік пен бір қорап темекіні көтермеу керек. Әлемдік тәжірибе, темекі бағасы арзан елдерде шылымқорлардың өте көп екендінгін көрсетіп отыр. Біз мұны бүгін жасамасақ, келешекте мемлекет үлкен қиындықтарға тап болады. Өткен ғасырдың салық мәдениетінде қалып отырып, нарықтық экономиканы көтеру мүмкін емес. Бұл менің азамат ретіндегі, адам ретіндегі ұстанымым». Ол бұл бастаманың әлемдік тәжірибе екенін алға тартады. Бұдан бұрынғы уақытта кей елдерде нәтижесін берген бастама екен.
Министр акциздің көтерілуі эконмикалық жағынан ғана тиімді емес екенін айтады. Оны ашындыратыны - бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіндегі Қазақстанның көрсеткіші. Аталмыш ұйымның хабарлауынша, Қазақстан ішімдікті көп тұтынатын 30 көшбасшы елдің бірі екен. Нақтылай түссек, әрбір қазақстандыққа 7-8 литр ішімдіктен тура келеді екен. Темекіні айтпағанда әрине. Бұл расында бәрімізді ойландыратын мәселе.
Министрдің бұл оңды бастамалары бастысы елдің ішімдікке әуестігін азайту және экономикамызды көтеру мақсатында қолға алынған шара екені рас.
Алайда бағадағы бұл өзгерісті қоғам түрліше қабылдайтынын да жасыра алмаймыз. Бірі ол өнім түрлерінің қымбаттауын дұрыс жағдай деп қараса, кейбірі арақ пен темекіге деген тәуелділік бұған бола төмендемейді деген пікірді алға тартуда.
Расында, арақ-шарап бағасының қымбаттауы, шылым мен араққа тәуелділердің қатарын азайтуы мүмкін бе? Бұл туралы қоғам екі түрлі пікірде болатыны айқын. «Дұрыс емес» дейтін пікірдегілер - өткен жылдан бергі жағдайды алға тартып, «темекі бағасы қымбаттап барады, бұлай істеуім дұрыс емес екен деп екеуінен бас тартып отырғандарды көргеніміз жоқ» дейді. «Ішкісі, шеккісі келген адамды ештеңе тоқтата алмайды. Ауру кетседе әдет қалмайды дегендей, арақ пен темекі қымбаттады деп үйреншікті әдетін тастай салмайды. Қайта керісінше, қолдан спирт жасау, жасырын цех секілділерді көбейтуі мүмкін. Бюджет қоржынын толтырамыз деп, көлеңкелі бизнестің қалтасын қампитып жүрмейік. Сондықтан бұл жақсырақ ойланып қабылдайтын шешім. Бізге бәрінен бұрын адам денсаулығы маңызды» деген пікірде. Десек те бұл адам өзі ақша төлеп сатып алатын ауру екенін естен шығармаған жөн.
Ал бұл бастаманы қолдайтындар - арақ-шарап пен темекіден қоғамды аулақтаудың қадамы бағасын көтеруден басталады дейді. «Бұндай үрдіс халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар. Батыстағы елдерде алкогольді өнімдерінің бағасы екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіндей деңгейде. Сондықтан, халықтың басым бөлігі аулақ жүреді. Тіпті, кей елдер оны қымбаттатпақ түгіл, мүлдем сатқызбай, базардан ысырып тастау мәселесін көтеріп отыр. Қонақүй, мейрамхана секілді көпшілік отыратын мәдени орындарда арақ-шараптың кез келген түрін ішуге тыйым салынуда. Темекі жөнінен айтсақ, түтінінің салдарынан қаншама емі жоқ аурулар пайда болып жатыр. Мемлекетке қаншама салмақ түседі. Осыны ескерсек, арақ-шарапты, темекіні қымбаттатудың маңызы өте зор. Таяқтың екі ұшы бар, жоғарыдағы екі пікірдің де өзіндік орны бар деуге болады. Осы орайда, Қазақстанмен эконмикалық одақтас елдердің тура осы мәселеге байланысты ұстанымын да басты назарда ұстаған абзал.
Таяуда ғана Ресейдің денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова журналистерге берген сұхбатында: «Ресейде темекі бағасын айтарлықтай көтеру қажет, алайда бұл бастаманы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттермен бірге қолға алған абзал»,- деп мәлімдеді. Ресейдің денсаулық сақтау министрінің пікірінше, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде акциздің бірегей құнын қалыптастыру керек екен. «Біздің елде темекі бағасы өте төмен, сондықтан біз бұл деңгейді Еуропа елдеріндегідей межеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін біз акциз бағасын көтеруіміз қажет. Алайда біз Қазақстан және Беларусь секілді мемлекеттермен бірегей экономикалық кеңістікте болғандықтан, бізге бірқатар келіссөздер жүргізіп, нарықта сапасы төмен тауарлар пайда болмас үшін акциздің бірегей құнын белгілеуіміз керек», - деді РФ министрі.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, әлеуметтік зиянды тауарлардың құны неғұрлым жоғары болса, оны тұтынатындардың саны аз болады. Темекі мен акциздің бағасын белгілемес бұрын сол уақыттардағы жағдайды да қаперде ұстауымыз керек. Ең дұрысы, акциз бағасын кезең кезеңімен көтерген абзал. Сонда ғана біз шынайы түрдегі салауатты болашаққа қол жеткіземіз.
Бейсен Сұлтан