Арал апаты: Қазақстан сексеуіл егілген аумақты 1,5 млн гектарға дейін ұлғайтпақ

арал
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізінің тартылған табанын жасыл желекке айналдыру бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізіп келеді. Осы ретте бұл бағыттағы істерге тартылған орман шаруашылығы мамандары мен жетекші ғалымдар таяуда Қарақалпақстанда бас қосып, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Әлемдегі ірі экологиялық апат ошағы саналатын Арал теңізінің 6 млн гектары сорға айналса, соның 2,8 млн гектары еліміздің аумағына тиесілі.

Оның салдарын жою үшін екі ел бірлесе жұмыс атқарып жатыр.

арал
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Мәселен, өзбекстандық мамандар қараша-наурыз аралығында өздерінің территориясына енетін Аралдың бөлігіне көшет отырғызып, тұқым себеді. 

Яғни, климаттық ерекшеліктер ескеріле отырып, мұндай істер Қазақстанға қарағанда бірер апта ерте басталады.

арал
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Біздің есепке сай, 10 сәуірге дейін 300 мың гектарға сексеуіл егуді жоспарлап отырмыз. Тұқымды арнайы техникамен, ұшақпен және дельтапланмен әуеден себу жүйесі жолға қойылған. Тұқымды жергілікті халықтан сатып аламыз, бүгінде ол жеткілікті көлемде беріліп жатыр», — деді Қарақалпақстанның экология және аралды дамыту бойынша хатшылық басшысы Мархабай Нұрманов.

арал
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Арал табанына сексеуіл егуді Қазақстан да қарқынды жүргізіп жатыр. Тәуелсіздік жылдары мұндағы 900 мың гектардан астам аумаққа тұқым себіліп, көшет отырғызылған.

Сондай-ақ, осыдан 13 жыл бұрын 1 млн көшет дайындайтын тұқымбақ салынған, қазір келесісінің құрылысы қолға алынды. Оның аумағы 33 гектардан асады.

Жалпы екі ел мамандарының орман өсіру технологиясы ұқсас.

арал
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Арал табанына егу үшін шөлге ең төзімді саналатын сексеуіл мен қарабарақ өсімдіктері таңдап алынған. 

Ол микроклиматты жақсартады, тиісінше жердің құнарын арттырады.

арал
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Арал тек бір елдің мәселесі емес. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан оның салдарын жою жұмыстарын бірлесе атқарса, бүтін құрлыққа оң әсер етеді. Жыл сайын құрғаған Арал табанынан шамамен 150 млн тонна тұз бен шаң көтеріледі. Бұл мәселені Қазақстан және Өзбекстан мамандарының көмегімен шешеміз деген ойдамыз», — деп тоқталды ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Зиновий Новицкий.

арал
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қазақстан үкіметі Аралда сексеуіл егілген аумақты көп ұзамай 1,5 млн гектардан асыруға ниетті.

Ол үшін теңіз аймағындағы орман шаруашылығына қомақты қаражат бөлу жоспарланған. 

сексеуіл
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform
арал
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар