Арал аудандық ішкі істер бөлімінің жаңа ғимараты бой көтеруде - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Дүйсенованың айтуынша, былтырғы жылдан бері облыстың ішкі істер органдарының ғимараттарын жаңарту мен жақсартуға айрықша көңіл бөлініп келеді.
None
None

Соның арқасында Арал аудандық полиция бөлімінің еуропалық стандартқа сай жаңа ғимаратының құрылысы басталып кетті. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 243 млн. теңге қаржы бөлінген. Сөйтіп, 1958 жылдан бері тұрған ескі үйдің орнына мұнда замана талабына жауап бере алатын 4 қабатты әсем баспана қатарға қосылмақшы.

Бұдан бөлек, былтыр барлық аудандық ішкі істер бөлімдері мен Қызылорда қалалық ІІБ әкімшілік ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Бұлардың арасындағы Қармақшы және Қазалы аудандық ІІБ ғимараттары мен ондағы сезіктілерді уақытша ұстау абақтылары әлемдік талапқа сай етіп жасалды. Дәл осылайша басқа да аудандық полиция бөлімдері де жөндеуден өтіп, Сырдария АІІБ - де жеке құрам үшін су жаңа атуға арналған тирі іске қосылды.

Ал Қызылорда қалалық ІІБ бөлінген 50 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа толықтай жөндеуден өтіп, басқарма аумағында төрт қабатты әкімшілік қамау орны бой көтеріп, жуырда іске қосылады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар