Арал ауданында құрылыс жұмыстары ырғақты жүргізілуде

Айталық, өткен жылы ауданда «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Бөген» бағытындағы автокөлік жолы қатарға қосылып, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Арал қаласында 1200 орындық мектеп, 140 орындық балабақша, Шөміш ауылында 120 орындық мектеп пайдалануға берілді. «Таза су» бағдарламасы негізінде Сексеуілдің ішкі, Жақсықылыш кентінің сыртқы су жүйелері жаңғыртылып, 8 елді мекенде медициналық бекет салынды.
Аудандағы Аралқұм, Қаратерең, Қызылжар, Қосжар, Ақбай, Сазды елді мекендерінде облыстық бюджеттен қаралған қаржыға мектептер ғимараттарының құрылысы басталды. Сондай-ақ №2 кәсіптік лицейдің бу қазандығы, №2 мектеп интернат жөндеу өткізілді. Ауданның 80 жылдығына байланысты ауылдық елді мекендерді, қаланы абаттандыру, көркейтуде толымды тірліктер атқарылды. Өткен жылы басталған 6 мектептің құрылысы жалғасын табуда. Сексеуілден 150 орындық мектеп құрылысы басталып, Аманөткел елді мекенінен 300 орындық мектептің жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Аудан орталығынан 3 жалдық үй салынады. Арал қаласының даму жоспарына сәйкес бұл үйлерге 50 млн. теңгеге электр желісі жүргізіліп, шағын электр стансылары салынбақшы.
Қалада жаңа типтегі 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталуда. «Жол картасы» бағдарламасымен №177 орта мектеп пен «Мереке» балабақшасы күрделі жөндеуден өтуде. Аудандық бюджеттен қаралған 26,3 млн. теңгеге Үкілісай, Бекбауыл, №71 мектеп, Бөген, Жақсылықылыштағы балабақшалар жөндеуден өтетін болады. Биылғы жыл ауданда «Ақтан батыр жылы» деп белгіленген. Соған орай батыр бабамызға ескерткіш орнатып, айналасын абаттандыру көзделуде.
Аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаев аралдық азаматтардың алға қойған мақсаттары туралы айтып берді.
- Арал жұртшылығы болашағына сеніммен қарайды. Елбасымыздың шынайы жанашырлығын теңіз перзенттері жақсы түсінеді. Тартыла бастаған теңізіміз кемеріне қайта келуде. Өңіріміздің сан саласында өсіп-өркендеу бар. Атқарылған іс ауқымды, қолға алар шарумыз онан да көп, - деді ол.