Арал ауданында облыс басшысының қатысуымен дәстүрлі «Арал күндері» өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында дәстүрлі «Арал күндері» аталып өтті.
None
None

Бұл жолы салтанатты іс-шаралар Қосжар ауылы мен Арал қаласында өтті.

Қосжар ауылында өткен балықтар мерекесіне облыс әкімі Болатбек Қуандықов бастаған бірқатар қонақтар қатысып, тоғандағы балық шабақтарын аулап машинаға тиеді,оларды көлге жөнелту үдерісін өз көздерімен көрді.

Аймақ басшысы сондай-ақ ауыл тұрғыны Гүлмира Нұғманованың үйіне ат басын тіреп, үш мәрте егіз балаларды дүниеге әкелген ананың қуанышына ортақтасты. Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті әкімшілік батыр анаға жаңа үй салуға қолғабыс еткен болатын. Қонақтар жаңа үйді аралап көріп, сый-сияпаттарын тыпсырды.

Бұдан әрі мереке Қамбаш көлінің жанында жалғасты. Онда керуен керген «Арал күндері» мен «Балықшылар мерекесі» аясында республикалық семинар-кеңес өткізілді. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қ.Тейлянов қатысты. Мереке барысында балық шаруашылығы саласының үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Сол сияқты осы күні өткізілген  балық аулау спорты мен басқа да спорт сайыстарының жеңімпаздары жүлделер алды. Түс қайта қадірменді қонақтар Сексеуіл стансасында болып, «Жезқазған-Сексеуіл» бағытындағы теміржол құрылысының жұмысымен танысты. Осының соңын ала 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Арал қаласында «Алаш» алаңының ашылу салтанаты болды. Оның ашылуына халық өте көп жиналды. Қазақтың үш жүзінің бірлігін көрсететін биіктігі 11 метрлік, бетондалып, сырты гранитпен қапталған - 3 тұғыр. Тұғырдың төбесіне қазақтың тұтастығын, мемлекеттілігін бейнелейтін шаңырақ орнатылды. Сонымен қатар биіктігі 2,6 метр тұғырға Әбілхайыр ханның ескерткіші қондырылды. Меймандар шара шеңберінде жергілікті өнер мектебінің жұмысымен де танысты. Бұл орда бұрынғы аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына орналасқан. Оны қайта жөндеуден өткізу үшін 36 млн. теңгеден аса қаржы жұмсалды.

Арал күндері оған қатысушылар көңілінде жылы әсер қалдырды.

Соңғы жаңалықтар