Арал балығы халықаралық стандартпен өңделеді

ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Аймақтық бағдарлама аясында табысты жүзеге асырылған серпінді инвестициялық жобалардың бірі – Арал қаласындағы балық өңдеу зауыты.
None
None
"Атамекен-холдинг" қаржы-өнеркәсіп тобы зауытқа 10 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсады. Жаңа кәсіпорынның құрылысын Оңтүстік Корея фирмасы жүргізіп, жаңа жылдың қарсаңында пайдалануға берген еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл ТМД аумағындағы жаңа технологиялы бірегей зауыт. Ол жылына 6 мың тонна балық өңдейді. Келешекте мұнда 300 адам жұмыс істейді деп күтілуде. Зауыттың өндірістік цехтары мен сақтау және қатыру мұздатқыштары, тұрмыстық және арнайы бөлмелер халықаралық тағам қауіпсіздігі жүйесінің талаптарына сай жасалған. Қазір зауыт алғашқы өнімдерін дайындап, тұтынушыларына жеткізіп те үлгерді. Полиэтилен пакеттеріне оралып, әзірленген балық кеспелері мен филе, тағы басқа бірнеше өнім түрлері халықаралық стандартқа сай. Қуатты цехтарда балық ыстауға арналған арнайы қондырғылар да бар. Ал кореялық мамандар жергілікті технологтар мен сұрыптаушылардың жаңа қондырғыларды меңгеруіне көп еңбек сіңіріпті. Соның нәтижесінде олар шикізатты сапалы өңдеп, технологияның қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізілумен қатар, бағалы балықтар Еуропа және ТМД елдеріне экспортталады деп күтілуде. Зауыт қазір Кіші Арал теңізінен, Қамбаш көлдер жүйесінен ауланған балықтарды қабылдап, балықшылармен тұрақты байланыс орната бастады. Алдағы уақытта теңіз жағалауындағы бірнеше ауылдарда өнімді тікелей қабылдайтын орындар ашу да ойда бар. Сонымен бірге Ресей кәсіпорындарымен мұхит шикізатын жеткізу үшін келісімдер де жүргізілуде. Соңғы уақытта аймақта саланы өндірістік негізде дамытуға үлкен бетбұрыс жасалып, үш бірдей өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың бастамасымен балық шаруашылығын дамытуға арналған арнайы жиын өтіп, нақты іс-шаралар белгіленді. Соның нәтижесінде балық қорын молайту, көлдер жүйесін суландыру, аулау мен өңдеу кәсіпорындарын қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынуда. САРАТС жобасының екінші кезеңі де басталмақ. Бұл Аралдың даңқын шығаратын байырғы өнеркәсіптің өркендей түсуіне ықпал етіп, өңір экономикасының ілгерілеуіне жағдай жасайды.
Соңғы жаңалықтар