Арал өңірінде 110 жастағы кейуана тұрады
Биыл 110 жасқа келген Жонай Танымбетова Сазды ауылында тұрады. Ғасыр жасаған Жонай әже қазір ұрпағының алдында бақытты өмір кешіп келеді. Туған жерінде еңбек етіп, ауылдың өркендеуіне үлесін қосқан аяулы ана, әзиз әже өмірге әкелген 8 перзентінен 31 немере, 60 шөбере мен 9 шөпшек сүйіп отыр.
Жонай әженің қосқан қосағы Төлеген Танымбетов ауылда ферма басшысы болып қызмет атқарған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында елді ұжымдастыру шараларына белсене қатысты. Кейуананың өзі де қырқыншы жылдарда елмен бірге еңбек еткен. 1967 жылы отағасы дүниеден өткенде сегіз баланы өсіріп-жеткізу ауыртпалығын Жонай ананың өзі көтерді. Барлығын азамат етіп жеткізді. Қазір олардың барлығы өмірден өз орнын тауып, ғасыр-ғұмыр иесі ұрпағымен бірге бақытты ғұмыр кешіп отыр.
«Әрдайым бейбіт өмір болсын деп тілеймін. Тыныштық, бірлік әрдайым толайым табысқа бастайды. Осындай бақытты ғұмыр кешу бәрімізге бұйыра берсін», - дейді кейуана.
Ал 106 жастағы Тәжігүл Еңсепова бүгінде ауданға қарасты Аралқұм ауылында тұрады. Құдай қосқан қосағы - Төреғұл екеуі 9 баланы аяқтандырған алтын құрсақты ана өнегелі әулеттің отын маздатқан шамшырағы, ауыл-аймақ үшін кеудесі қазынаға толы естелік хат іспетті.
Бұл әулеттен тараған ұрпақтар бүгінде бір қауым елге айналып отыр. Қазіргі таңда 9 баладан 37 немере, 70 шөбере және Айдар есімді бір шөпшегі бар. Тәжігүл әжей тылда тер төккен, одан кейін де Райым колхозында зейнет жасына жеткенше балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдар табанды еңбек етті. Өзінің осынау ғибратқа толы ғұмырының жүз төртінші көктемін қарсы алып отырған әжеміз әлі тың.