Арал өңірінің мәселесін шешу мемлекет алдындағы міндет

АСТАНА. ҚазАқпарат  - «Кіші Арал» суға толып, суының тұздылығы азайды. Оның байырғы кәсіптік маңызы бар балықтарының теңізде өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туды. Осылайша, 1990 жылдары балықтың тек қана екі-ақ түрі, яғни камбала глосса мен балтық майшабағы ғана қалған болса, бүгінде теңіздің інжу-маржаны қайта оралып, қазір балықтың 22 түрі ауланады. 
None
None

Бүгінде Арал ауданында балықты өсіру мен аулау ісі ғана емес, сол өнімді өңдеу ісі де жүйелі жолға қойылған. Кезінде аудан экономикасының негізгі тірегі болған өңдеуші өнеркәсіп салаларын қайта қалпына келтіріп, импорт алмастыратын және бәсекеге лайық өнімдерін өндіруге жарамды жаңа бағытты қалыптастыру мақсатында «Балық шаруашылығын дамыту» консорциумы құрылып, жұмыс жасауда. Сонымен қатар, заманауи тұрғыда салынған балық өңдейтін 7 зауыт жұмыс істейді. 1990 жылдары жылына 3000 тоннаға жуық балық ауланса, қазіргі таңда 8000 тоннадан астам балық ауланып, 3000 тоннаға жуық балық өңделуде. Балық шаруашылығының арқасында маусымдық жұмыстардың өзіне 3,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр.

Арал - өндірісті аудан. Ақ алтыны ғасырға жуық уақыттан бері ел кәдесіне жарап келе жатқан «Аралтұз» акционерлік қоғамы қазу мен оны өңдеп тұтынушыларға жеткізу жұмыстары мен жер қойнауын пайдалану үшін берілген Үкіметтің лицензиясына және келісімшартына сай қарқынды жұмыс істеуде. Бүгінде комбинатта 1000-нан аса адам тұрақты жұмыс істейді. Жаңадан қосылған екі цехта 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Акционерлік қоғам республикадағы тұз қазу мен өңдеу бойынша ең ірі кәсіпорын болып саналады. Комбинат алдағы уақытта Сауд Арабиясы, Жапония, Қытай елдерімен байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Өткен жылдың шілде айында компания ас және техникалық тұз өндіретін екінші испан зауытын пайдалануға берді. Соның арқасында ай сайын шығаратын өнімді 25 000 тоннаға дейін өсіру жобаланып отыр. Жаңа зауытқа 200-ден астам адам жұмысқа орналасатын болады. Жобаның нәтижесінде ас тұзының ұсақтығы нөлдік тегістелген өндірісі 7 есеге өспек.

Өнімдерінің ауқымын кеңейтіп, өндірістік желісінде сумен жабдықтау үшін тұз түйіршіктері қолданылады. Сондай-ақ, өндіріс орнындағы жылына 200 мың тонна өнім шығарады деп жоспарланып отырған кальцийлендірілген сода зауыты «Аралтұз» акционерлік қоғамының өндірісті әртараптандыру бастамасы аясында салынбақ. Кальцийлендірілген сода - өндірістің барлық саласында кеңінен қолданылатын, күн сайын ерекше маңызға ие болып келе жатқан өнім. Қазір ел нарығы бұл өнімді 100 пайыз сырттан алып отыр. Бүгінде жобаның технико-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталды. Жоба бастамашылары оны жүзеге асыру үшін Қазақстан Даму банкінен инвестиция тартумен айналысуда.

Жол - қашан да тіршіліктің күретамыры. Ал, жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асатын «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» темір жолы бірнеше өңір мен бүкіл республиканың тіршілігіне жан бітіріп, ондаған жылдарға алға жетеледі. Темір жолдың 2012 жылы Индустриалдық форум барысында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың телекөпір арқылы ерекше маңызы бар «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» темір жолының құрылысын бастауға рұқсат бергенін барша аралдықтар зор қуаныш үстінде қарсы алған еді. Бүгінде темір жол ауданның үстімен жүріп, бірнеше станса, бекеттер бой көтерді. Өткен жылы жолаушылар пойызы да жүре бастады. Сондай-ақ елге елді жалғаған, ауданымыздың оңтүстігі мен солтүстігін түгел басып өтетін, аудан көлеміндегі ұзындығы 213 шақырымды құрайтын күре жол - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің құрылысы да сәтті жүргізілді. Қазір оның бойынан біраз нысандар ашылып, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. Ілгерілеу бар, бастысы қолға алған жұмысты тоқтатпай, сапалы әрі тиімді түрде іске асыруды жалғастыру.

 

Соңғы жаңалықтар