Арал тағдыры қалай шешіледі?

«Соның біріншісі - ертеректе 500-ге жуық ядролық сынақтар жасалған Семей ядролық полигонының зардабын жою. Осыдан 20 жыл бұрын, мен өз жарлығыммен бұл полигонды жаптым. Алайда полигонның кесірінен зардап шеккен аумақты қайта қалпына келтіру үшін бізге халықаралық қауымдастықтың көмегі қажет. Бұл жерде сондай-ақ, Арал теңізіндегі экологиялық апат туралы да әңгіме болып отыр. Тартылып қалған теңізден ұшқан тұз құмдағы дауылдардың әсерімен біздің еліміздің аумағынан тыс жерлерге дейін таралуда. Қазіргі кезде Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіріп, бұл экологиялық проблеманы өзімізше шешуге тырысып жатырмыз. Бірақ, мұндай маңызды мәселені толығымен шешу үшін ЕҚЫҰ-ның ресурстарын пайдалануымыз керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының өзі атап көрсеткендей, экология мәселелері Қазақстанның төрағалық қызметінің маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. «Қазіргі кезде мыңдаған қазақстандықтар Арал экологиялық апатының аймағында қалып отыр. Ағымдағы жылдың қараша айында Арал тақырыбына арналған донорлық конференция өтеді. Сол жиында Аралды құтқару мәселесі бойынша ЕҚЫҰ-ның тарапынан көрсетілетін қаржылық және техникалық көмек көлемі қарастырылады», - деді Президент.
Бұған дейін белгілі болғанындай, донорлық конференцияны Халықаралық Аралды құтқару қоры БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен және БҰҰ-ның Ашхабадта орналасқан Орталық Азияға арналған алдын-алу дипломатиясы жөніндегі аймақтық орталығымен бірлесіп ұйымдастырады. Ал биылғы жылдың 23 қазанында Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммитіне дайындығы жөнінде екінші шолу конференциясы болып өтті. Оның күн тәртібінде әскери-саяси ынтымақтастық және экономикалық-экологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыға түсті. ЕҚЫҰ-ның 56 мемлекетінің өкілдері осы жиында аталған салалардағы ЕҚЫҰ-ның бүгінгі принциптері мен халықаралық міндеттемелерін сүзгіден өткізді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айында Прага қаласында ЕҚЫҰ-ның экономика-экологиялық форумы өткені белгілі. Кейбір сарапшылардың пікірінше, осы форумда негізінен экономикалық мәселелерге екпін түсірілген көрінеді. Атап айтқанда, жер үстіндегі көлік тасымалдауларының қауіпсіздігін арттыру, халықаралық автокөлік және темір жол көлігіне қолдау көрсету мәселелері қызу талқыланып, экологиялық тақырып ұмыт қалыпты. Алайда Орталық Азия елдерінің, Қазақстанның және жалпы алғанда ЕҚЫҰ кеңістігінің аумағында маңызды болып саналатын экология мәселелері осы форумның күн тәртібіне әу бастан енгізілген екен. Міне, сол себепті кейбір сарапшылар Қазақстан төрағалық тізгінін қолына ұстаған кезде де Арал тақырыбының назардан тыс қалғанына қатты қынжылғанын жасырған жоқ. - Мысалға алсақ, өткен жылы ғана қабылданған ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының Астана декларациясының және оның жыл сайынғы он жетінші сессиясының резолюциясының мәтінінде климаттың өзгеруінен болатын қауіпке ерекше алаңдаушылық білдірілген, - деп түсіндіреді бұл жайтты М. Ломоносов атындағы ММУ-нің посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси процестерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталығының бас директоры Алексей Власов. - Атап айтқанда, Шығыс Жерорта теңізі сияқты экологиялық жағынан әлсіз аймақтар үшін судың жетіспеушілігі, даланың шөлге айналуы және құрғақшылық сияқты құбылыстардың қаупіне назар аударылған. Бірақ белгісіз себептермен осы құжатта Арал теңізі туралы бір ауыз сөз жоқ.
Ресейлік сарапшының айтуынша, Арал аймағына бұлайша немқұрайдылықпен қарағанымыз дұрыс емес. «Соңғы жылдарда Арал бойындағы экологиялық апаттың зардаптарының тіпті Еуропа елдеріне дейін жеткенін ескерсек, бұл аймаққа деген көзқарасты қайтадан қарастырған жөн. Мәселен, ғалымдардың анықтағанындай, Аралдан ұшқан тұз Альпі тауындағы мұздықтарға дейін жетіп, олардың жылдам еруіне әсерін тигізуде.
Сәл шегініс жасайтын болсақ, Арал апаты тақырыбы өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында халықаралық сарапшылар қауымдастығы қызу талқылайтын «сәнді» тақырыпқа айналған еді. Ол кездегі Аралдың аумағындағы экологиялық апат қанатын кеңге жайып, адамзат баласының төбе шашын тік тұрғызды. Алайда, қазіргі кезде «сәнді» деген анықтама Арал тақырыбына сәйкеспейтін сияқты. Өйткені, бұған дейін экологиялық апатқа әлемдегі ғылыми, ресми және үкіметтік емес ұйым-ұжымдар тарапынан жеткілікті деңгейде көңіл бөлінген жоқ. Содан шығар, Арал апаты адамзаттың табиғатты тонаудағы теңдесі жоқ қарақшылығына қойылған ескерткіш тәрізді. Бұл жайттардың барлығы да Арал тағдырына жаңа заманда жаңаша көзқараспен қарауымызды талап етеді», - дейді Алексей Власов.
Ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстанға арнайы сапармен келген БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Арал теңізі мен Семей аймағында болды. Сол сапарында Бас хатшы Аралды өз көзімен көріп: «Жаһандағы ең ірі экологиялық апат аймағы» деп атады. Көп ұзамай-ақ, Ашхабад қаласында БҰҰ мен Аралды құтқару қорының атқарушы комитеті арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды. БҰҰ-ның басшысы өзі басқаратын ұйымның Арал мәселесіне қатысты жобаларға қажетті барлық техникалық, сараптамалық , тіпті қаржылық көмегін көрсететініне уәде етті. Әлбетте, бұл - өте құптарлық жайт. Қаржы демекші, соңғы 7 жыл ішінде Арал теңізін қалпына келтіруге 2 млрд-қа жуық АҚШ доллары жұмсалған көрінеді. Сонымен қатар, қазіргі кезде атқарылатын іс-шаралардың жаңа бағдарламасы жасалып жатыр. Мәселен, жақында Дүниежүзілік банк Аралды құтқаруға кем дегенде 50 млн. АҚШ долларын бөлетінін жариялады. Бұл қаржыға Арал теңізінде қазіргі заманға сай гидрометоестанциялар салынбақ. Жаңа бағдарлама 2011-2015 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Айтпақшы, бұл Аралды құтқару қоры құрылғаннан бергі үшінші бағдарлама.
Ал отандық ғалымдардың пікірінше, Аралды құтқару қорының атқарушы комитеті бұрынғы екі бағдарламаның кемшіліктері мен жетіспеушіліктерін ескере отырып, жаңасының жемісті болатынына үміттеніп отыр. Алайда, ол бағдарламалардың нәтижесін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, жоғарыда аталған екі бағдарлама Сырдария өзені бассейнінің су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіріп, Арал бойын мекендеген халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешіп берді. Соның нәтижесінде Арал өз арнасына тола бастады. Тіпті, Үлкен Арал мен Кіші Аралдың арасынан салынған бөгет гидротехникалық жағынан аса тиімділігін көрсетіп, Аралға қатысты «экологиялық апат» деген ұғым сөз қолданысымызда ескіре бастады.
Бірақ... Жақында Санкт-Петербор қаласында Арал теңізінің мәселелеріне арналған алқалы жиын өтті. Осы жиынға қатысқан Бельгия, Франция, Германия, Грекия, Швеция, Израиль, Швейцария, Жапония, Ресей, АҚШ және Украинаның ғалымдары мынадай мазмұндағы құжатты қабылдапты: «Арал теңізі 1960 жылдардағыдай деңгейінде сақталған жоқ десек те, бұл көлдің айтарлықтай бөліктері әлі де бар. Кіші (Солтүстік) Арал теңізі қазіргі кезде жартылай қалпына келтірілді. Яғни, мұның маңызды экологиялық және экономикалық мәні бар. Ал Үлкен Аралдың шығыс бассейні тартылып қалғанымен, батыс бассейні жартылай болса да сақталып қалды. Қазірдің өзінде Сырдария мен Әмудария өзендерінің кейбір бөліктерін сақтау мен қорғау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда».
Жасыратыны жоқ, Арал тағдырын шешуде Қазақстанның жекелеген жетістіктерін халықаралық қауымдастық мойындап отыр. Егер де экологиялық өлшемге ерекше маңыз беретін ЕҚЫҰ Арал теңізіне қатысты мәселелерді шешуде белсенділік танытса, онда бұл тақырыптың халықаралық деңгейдегі күн тәртібінен жылдамырақ түсіп қалуы да мүмкін. Міне, осы тұрғыдан алғанда, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммиті Қазақстан үшін де орасан зор стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар, саммиттің жалпы алғанда Орталық Азия елдері үшін тарихи маңызы зор. Бұл - осы аймақтағы жаһандық мәселелерге халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, халықаралық ұйымдардың қаржысын тартуға тамаша мүмкіндік. Бұл - өзара құрмет, сенім, төзімділік және пәтуаластыққа негізделген халықаралық саясаттың қолданыстағы механизмдерін одан әрі жетілдіруге деген қолайлы мүмкіндік. Яғни, егемен еліміздің стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға үлес қоса аламыз. Ол Қазақстанның әлемдегі беделінің, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделінің дәлелі болмақ.
Сонымен қатар, Астанадағы жоғары деңгейдегі жиынның еліміздің болашақтағы дамуы үшін мультипликативтік әсері зор. Ең алдымен, біз егемендік жылдарында жеткен жетістіктерімізді көрсете аламыз. Екіншіден, мұндай дәрежеде халықаралық саяси элитаның, беделді әлемдік БАҚ-дың өкілдерінің келуі - халықаралық қауымдастықтың тарапынан Қазақстанға деген қызығушылығының өсуіне кепілдік береді. Қызығушылық дегеніміз - инвестициялардың ұлғаюы, туризмнің өркендеуі және іскерлік қарым-қатынастардың жандануы. Мұндай байланыстар үштік Кедендік Одақтың жұмысының басталуына қарай іс жүзінде қарқын алатыны сөзсіз. Ең бастысы, бұл саммит - әрбір қазақстандықтың бойында Отансүйгіштік сезімін өсіруге тамаша себеп. Яғни, қандай саяси ұстанымға және әлеуметтік топқа жататынына қарамастан, еліміздің әрбір азаматы өз мемлекетінің мерейінің өскеніне мақтана алады. Осы мақтанышты әрбір қазақстандық жан-жүрегімен сезінуі керек.