Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және дамыту жобасы әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Аралға шамамен 5 млрд текше метр су жіберіліп, су айдынының көлемі 24,4 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.
— Су шаруашылығы саласындағы маңызды бағыттардың бірі — Аралды қалпына келтіру мәселесі. Министрлік құрылған сәттен бастап Солтүстік Аралға шамамен 5 млрд текше метр су жіберіліп, су айдынының көлемі 24,4 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Қазір Дүниежүзілік банктің гранты есебінен «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және өңірлік дамыту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр, — деді Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында.
Министрліктің мәліметі бойынша, аталған жоба аясында Солтүстік Арал теңізін құрғатпай, Көкарал бөгетінің биіктігін 2 метрге көтеру, сондай-ақ Қамыстыбас және Ақшатау көлінің су деңгейін толықтыру және ұстап тұру үшін Аманөткел-2 гидроторабын салу қарастырылып жатыр.
— Жалпы, жүргізіліп жатқан іс-шаралар кешені — инфрақұрылымдық нысандарды салу және жаңғырту, су үнемдеу және цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған. Сонымен қатар климаттық тәуекел артуы жағдайында елдің су ресурсын тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге мән беріледі, — дейді ведомство басшысы.
Биыл көктемде Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Аралды құтқару қорының реформасынан зор үміт күтілетінін мәлімдеген едік.