Аралас сайлау жүйесі дауыстардың шамадан тыс бөлінуін болдырмайды - ҚСЗИ

Мұндай пікірді Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, аралас сайлау жүйесі бұл әлем елдерінде жиі кездесетін тәжірибе. Бүгінде ол Жапония, Германия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Италия, Мексика және басқа да елдерде қолданылады. Бізге жақын Ресейде, Қырғызстанда және Грузия мен Литвада осындай жүйе бар.
Әрине, әр елдің өзіне тән ерекшеліктері бар. Аралас сайлау жүйесі пропорционалды және мажоритарлық жүйенің оң жақтарынан тұрады деген пікір бар.
«Біріншіден, аралас сайлау жүйесі заң шығарушы органдарда әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіру мүмкіндігін кеңейтеді. Жаңа Зеландияда 2005 жылғы сайлаудан кейін парламентке 39 әйел депутат сайланды, ал 21 депутат – Маори. 2020 жылы әйелдер саны 58 депутатқа дейін өсті. Бұл бүкіл депутаттық корпустың жартысына жуығын құрады. Сондай-ақ Маорилердің этникалық өкілдігі де өсті (25 депутат).
«Екіншіден, гибридтік жүйе көппартиялық жүйенің дамуына серпін береді. Мексикада XX ғасырдың басым бөлігінде Институционалдық революциялық партия (PRI) үстемдік етті. Ал сайлау жүйесін реформалаудың – депутаттарды сайлаудың аралас жүйесіне көшудің арқасында оның үстемдігі аяқталды. Бүгінге дейін Мексика парламентінің жоғарғы палатасында сегіз, төменгі палатада жеті партия өкілдік етеді.
«Үшіншіден, аралас жүйе таза пропорционалды жүйеге қарағанда депутатты кері қайтарып алу арқылы жауапкершілікті күшейтеді. Өз кандидатын кері қайтарып алу мүмкіндігі Германияның кейбір аймақтарында және Венесуэлада кездеседі. Бұл механизм сайлаушыларға өздерінің депутаттарының қызметін бақылауға мүмкіндік береді және сол арқылы қызметтің сапасын арттырады»,- дейді Еркін Тұқымов.
Сонымен қатар, ол аралас жүйе дауыстардың шамадан тыс бөлінуін болдырмайтынын баса айтты.
«Дауыстар бірнеше партия мен коалициялар арасында бөлінгенде, сөзсіз нәзік болады. Аралас жүйе бар елдердің көпшілігі үкімет құрудағы тұрақтылықпен ерекшеленеді. Аралас жүйенің эталондарының бірі Германия тұрақты үкіметтердің қалыптасуына қол жеткізе алды. Күрделі және ретсіз өзгерістер болмаған жерде коалициялардың «ыдырауы» да байқалмаған. Бірақ бұл әлемде мінсіз ештеңе жоқ. Аралас жүйенің де бірқатар кемшіліктері бар. Оның жүзеге асуы Парламенттің бытыраңқы болуына, «жамаулы» Парламенттің қалыптасуына әкелуі мүмкін»,- дейді сарапшы.
Сондай-ақ спикер жоғарыда аталған жүйе Қазақстан үшін жаңалық емес екенін тілге тиек етті.
«Бір жағынан бұл жаңашылдық Қазақстан үшін жаңалық емес. 1999 және 2004 жылдардағы сайлаулар да аралас жүйемен өтті. Содан бері он бес жылдан астам уақыт өтті. «Гибридтік» сайлау туралы білмейтін жаңа буын өсіп шықты. Сондықтан сарапшылардың қазіргі міндеті – аралас сайлау жүйесін түсіндіру. Саяси тәрбие жұмысын жүргізу»,- деді ол.
Айтуынша, Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы – алдағы бірнеше айдың саяси күн тәртібінің басты оқиғасы болмақ.
«Мұндай назар аударудың себебі – сайлаудың аралас сайлау жүйесі бойынша өтуі. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімнің пропорционалдық жүйесі бойынша, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады. Облыстық мәслихаттар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары деңгейінде депутаттық корпус 50/50 пайыздық арақатынаста құрылады. Облыстық мәслихаттар толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланады»,- деп атап өтті ҚР Президенті жанындағы азақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов.
Айта кетсек, Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.