Аралда прокуратураның араласуымен 636 жұмысшыға айлық төленді

Бұл туралы Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24 бабының 2 тармағына сәйкес, әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 120-бабына сәйкес, жұмысшы-қызметкерлерге жалақының толық және уақытылы төленуіне мемлекеттік кепілдік берілген.
Кодекстің 134 бабының 1 тармағының талабы бойынша жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі тиіс.
Алайда, «Аралтұз» АҚ 636 жұмысшы-қызметкерлеріне 2013 жылдың ақпан айына есептелген 10 млн. теңге жалақыларын күні бүгінге дейін төлемей, жоғарыда аталған заңда белгіленген жалақы төлеудің мерзімдерін бұзған.
Осыған орай, аудандық прокуратура 636 жұмысшы-қызметкерлерге 2013 жылдың ақпан айына есептелген 10 млн. теңге жалақыларын төлеп, дереу заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым енгізіп, оның қорытындысымен ұйғарым толық қанағаттандырылып, 636 жұмысшыларға айлық жалақылары төленіп, жұмысшылардың конституциялық құқықтары қорғалды.