20:33, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Аралдағы ұн зауытының өнімдеріне сұраныс мол
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Өткен жылы Арал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 пайызға артты. Бұл орайда өңдеу өнеркәсібінің қатарына қосылған "Мұрат-М" ЖШС шағын ұн зауытының беталысы қуантады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Серіктестік қалада көптен бері жұмысын тоқтатқан ұн диірменін жаңа технологиямен жабдықтады. Инвестор құны 560 мың доллар тұратын Түркияның "Верлешим" фирмасының қондырғыларын орнатып, кәсіпорынды қайта жарақтандырды. Тәулігіне 180 тонна өнім өндіре алатын зауыт өткен күзде іске қосылып, тұрғындарды арзан да сапалы өнімдерімен қамтамасыз етуде.Ғимараттың әр қабатында бидайды тазарту, ақтау, кептіру және ұн тарту қондырғылары орнатылған. Ақмола облысынан бидай әкелініп, алғашқы өнімдер тұтынушыларға жеткізілді. Өткен жылы 500 тонна жоғары және І-ІІ сортты ұн өнімдері, ондаған тонна кебек жем мен бидай қалдығы өндірілді. Соның нәтижесінде аудан тұрғындары арзан ұн сатып алуға қол жеткізді. Зауыт өнімдері көрші Қазалы ауданына, Қызылорда мен Шымкент қаласындағы сауда орындарына шығарылып келеді. Бұл жергілікті жерде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға елеулі ықпал етіп отыр.? Байырғы кәсіпорынның қайта жабдықталып, іске қосылуы тұрғындарды қуанышқа бөледі, ? дейді зауыттың атқарушы директоры Қуатжан Сансызбаев. ? Солтүстік облыстармен бидай алуға байланыс орнаттық. Алдағы уақытта өндірісті ұлғайтып, тұтынушылар талғамына сай өнім түрлерін де көбейту ойымызда бар. Сапалы ұн бағасы да халыққа қолайлы болып отыр.Кәсіпорында 50-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған зауыт болашағына ауданда үлкен үміт артуда. Серіктестік халықтың сұранысын толық қанағаттандыра отырып, азық-түлік бағасын тұрақтандыруда өзіндік үлесін қосуды межелеуде. Ең бастысы, шалғайдағы шағын зауыттың сапалы өніміне тұрғындардың сұранысы мол.