Аралдар үшін талас Қытайдағы Toyota сатылымын 40 пайызға төмендетті

Reuters-тің хабарлауынша, бұл Қытай мен Жапония арасында туындаған Сенкаку аралдарына байланысты даудың әсері.
Toyota-ның тәуелсіз топ-менеджерінің айтуынша, 2012 жылдың қыркүйегінде Қытайға 50 мыңдай көлік сатылыпты, ал бұл көрсеткіш былтырғы қыркүйекте 86 мыңнан асып түскен.
Ал Toyota-ның бақталасы корейлік Hyundai қыркүйекте Қытайға бұрынғыдан 15 пайызға көп көлік сатып, межені 84 мыңға жеткізген.
Toyota мен Nissan-ның акциялары Токио биржасында 5 қазан күні шамамен бір жарым пайызға түскен.
Қытай мен Жапония көптен бері Сенкаку/Дяоюйдаою аралдарының нақты кімдікі екенін шеше алмай келеді. Онда көмірсутектің мол қоры бар деп есептеледі.
Бағзы араздық 2012 жылдың жазында жапондық туристердің аралдарға қонып, өз туларын ілгеннен кейін тіптен шиеленісіп кеткен еді. Ал Жапония үкіметі бұл 5 аралдың 3-еуін жеке қожайынынан сатып алды. Сондықтан Қытайда антижапондық наразылық акциялары белең алып, Toyota, Nissan және Honda сияқты ірі компаниялар Қытайдағы өндірісін тоқтатуға мәжбүр болды. Toyota Қытайдағы жұмысын қыркүйектің соңында ғана жандандырды.