Әрбір облыс өз спортын дамытады - Арыстанбек Мұxамедиұлы
«Халық арасында облыстық бюджеттің басым бөлігі футболға, соның ішінде «шетелдік ойыншыларға жұмсалады» деген наразылық бар. Бұл - өте орынды мәселе. Былайша айтқанда, «Біздің басқа спорт түрлеріміз неге дамымайды?» деген сұрақ туындайды. Сол үшін біз әрбір облыстың әкімдігімен бірігіп, бірыңғай тізімді жасаймыз. Мәселен, Шығыс Қазақстанда қысқы спорт түрлері жақсы дамыған. Шаңғы, фристайл, бұдан бөлек Ольга Рыпакованың жетістіктерін ескере отырып, жеңіл атлетиканы дамыту қажет. Солардың тізімі жасалады, облыстық бюджеттің қаражаты соған қарай бағытталады», - деді Мұxамедиұлы бүгін қоғамдық кеңес алдындағы есеп беру кездесуі кезінде.
Министрдің айтуынша, Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында қазақтың ұлттық ойындарына негізгі басымдық беріледі. «Бұған дейін аталған өңірлерде облыстық бюджеттен дұрыс ақша бөлінбейтін еді. Жаңа айтып жатырмыз ғой, бәрін футболға жұмсады. Қазір біз тізімін жасаймыз да, қай өңірде қай спорттың түрі жақсы дамыған, ақшаны алдымен соған бөлетін боламыз», - деп атап өтті министр.