Әрбір шақырту өзгеше: жедел жәрдем дәрігерлері мамандықтың ерекшеліктері туралы айтты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Денсаулық сақтау саласындағы негізгі көмектің бірі – жедел жәрдем қызметі. Қоңырау шалып, көмек сұраған науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсету – жедел жәрдем қызметінің басты міндеті.

28 сәуірде Қазақстанда жедел жәрдем қызметкері күні аталып өтеді. Осы мереке қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицинаның осы саласында жұмыс істейтін бірқатар маманмен тілдесті. Олар жедел жәрдем қызметінің ерекшеліктері мен қиындықтары туралы айтып берді.

Алматы қаласы жедел жәрдем қызметі директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Павел Бурда өзінің еңбек жолын медицина университетінің 6 курсында оқып жүргенде бастады.

Оның айтуынша, жедел жәрдем қызметкерлері жай ғана білікті дәрігерлер емес, олар кез келген жағдайда тез шешім қабылдай алатын маман. Олар адам өмірін сақтап қалу үшін бірнеше секундтың өзі маңызды екенін түсінетін жандар.

Неліктен дәл осы саланы таңдадыңыз ?

– Қызметімді № 6 қосалқы станцияда өндірістік тәжірибеден өткен соң бастадым. Мені жедел жәрдем қызметіндегі дәрігерлердің, фельдшерлердің жұмысы таңқалдырды. Олардың төтенше жағдай кезінде әрекет ету қабілетіне тәнті болдым. Ал мамандық таңдау мәселесі өздігінен шешілді. Еңбек жолымды жедел жәрдем бригадасының фельдшері болып бастадым.

Жедел жәрдем бригадасы жұмысының біз байқай бермейтін қандай қиындықтары бар шығар ?

– Кез келген кәсіп сияқты жедел жәрдем қызметінің де өзіндік қиындықтары бар. Ол негізінен тұрақты эмоционалды күйзеліспен байланысты, өйткені маман науқастың өміріне қауіп төндіретін төтенше жағдайларға тап болады. Біздің мамандық жоғары жауапкершілікті, төтенше жағдайларда тез және дұрыс шешім қабылдауды талап етеді, бұл маманға қосымша күйзеліс тудыруы мүмкін. Біз жиі күтпеген және әртүрлі жағдайда жұмыс істейміз. Мысалы, ашық кеңістікте, қолайсыз ауа райында, жарық аз түсетін жерде немесе ешқандай жағдай жоқ жерде жұмыс істеуге тура келеді. Кейде науқастармен және олардың туыстарымен қарым-қатынас жасау үшін мамандығымыз психологиялық тұрақтылықты талап етеді. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, біз өз жұмысымызды жақсы көреміз.

Бригада күніне орта есеппен қанша науқасқа қызмет көрсетеді ?

– Бүгінгі күні орташа есеппен ауысымдағы шақыртулар саны 2600 – 3200 аралығында. Бір жедел жәрдем бригадасына түсетін жүктеме орта есеппен 13-14 шақыртуды құрайды. Сондай-ақ, жедел ақпарат-диспетчерлік бөлімінің диспетчерлері күн сайын 4 мыңнан астам қоңырау қабылдап, өңдейді.

Тұрғындар жедел жәрдем қызметіне қандай шағымдармен жиі жүгінеді ?

– Негізінен науқастардың шағымданатыны – қан қысымының жоғарылауы, жүрек-қан тамырлары аурулары. Пайызға шағатын болсақ, жарақат алғандар көп жүгінеді.

Жедел жәрдем қызметкерлері қандай қиындықтарға тап болады? Мәселен, кейде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасады дегенді естіп қаламыз. Бұндай жағдай қаншалықты жиі болады ?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, кейде қиын жағдайға тап болып, жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер қатарында шыдамсыздық танытып жататындар кездеседі. Ал пациенттердің немесе туыстарының арандатушылықтарына мамандардың сабырмен жауап беруі әрдайым мүмкін емес. Осы жылдың бірінші тоқсанында 5 шабуыл фактісі тіркеліп, олардың әрқайсысына әкімшілік шара қолданылды.

Жақсы. Ал, қандай ерекше жағдайларды атап өтуге болады ?

– Әрбір шақырту өзінше ерекше және белгілі бір көзқарасты талап етеді. Әрине, есте реанимациялық шаралармен, адам өмірі үшін арпалысқан сәттер жиі сақталып қалады. Сондай-ақ, күрделі қоңыраулар бойынша көмек көрсету және сирек жарақат алу жағдайлары болып тұрады.

Жедел жәрдем қызметінде төрт бригада болады: желілік бригада, дәрігерлік бригада, интенсивті терапия биргадасы, фельдшерлік бригада.

Интенсивті терапия биргадасының дәрігері Гүлзира Қарабекова жедел жәрдем қызметінде 1985 жылдан бері жұмыс істейді.

Айтуынша, негізі ол жедел жәрдем бригадасымен пациенттің өміріне қауіп төнген шақыртуларға шығады.

«Тыныс алудың тоқтауы, көп мөлшерде қан кету, жүрек ауыруы, естен тану, биіктіктен құлау сияқты шақыртуларға шығамын. Мұндай кезде әдетте біз жолда ойша дайындалып барамыз. Әртүрлі жағдайға дайын болуға тырысамыз»,- деді ол.

Материалымыздың тағы бір кейіпкері - Асқар Манамбаев. Ол- Жетісу облысы, Қарабұлақ кентіндегі № 9 қосалқы станциясында жедел жәрдем фельдшері болып жұмыс істейді. Еңбек жолын 2000 жылы бастаған.

«Талдықорған медициналық колледжін бітірген соң жедел жәрдем қызметіне фельдшер болып жұмысқа орналастым. Осы бір орында 23 жыл жұмыс істеп келемін. Маған бұл жұмыс қатты ұнайды, бала кезімнен медицина қызметкері болуды, адамдарға көмектесуді армандадым. Әпкем мені шабыттандырды – ол да медицина саласында жұмыс істейді», – дейді Асқар Манамбаев.

Асқардың алғашқы шақыртуға шыққан кезі әлі есінде. Айтуынша, сол кезде қатты қобалжыған, егде тартқан науқас инфаркт алған.

«Өздеріңіз білетіндей, инфаркт – өмірге қауіп төндіретін ауру. Бұл ересектерде ғана емес, жастарда да кездеседі. Сондықтан бұл дерттің алдын алу үшін барлығына салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға кеңес бергім келеді. Қазір адамдар аз қозғалады. Ал, оның адам ағзасына кері әсері бар», - дейді ол.

Сондай-ақ фельдшер бір бригада күніне орта есеппен 12-15 шақыртуға шығатынын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Асқар жас мамандарға көп оқуға, дамуға, біліктілігін шыңдауға, ең бастысы армандарына сенуге кеңес берді. Ол барша әріптестерін мерекелерімен құттықтап, толағай табыстар тіледі.


Соңғы жаңалықтар