Әрбір отбасының әл-ауқаты ай сайын тексеріледі: Жәрдемақы қалай өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Енді отбасының әл-ауқат санаты ай сайын қайта қаралады. Егер үйдің қаржылық жағдайы өзгерсе, жүйе оны автоматты түрде басқа санатқа ауыстыра алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтып берді.
Министрдің айтуынша, қазір Отбасының цифрлық картасында 6,2 млн үй шаруашылығы туралы мәлімет бар. Жүйе 30 мемлекеттік ақпараттық жүйедегі деректерді пайдаланып, әрбір отбасының әл-ауқат деңгейін автоматты түрде анықтайды.
Барлық мәліметтер күн сайын жаңартылып отырады. Соған сәйкес отбасыларды А, В, С, D және E санаттарына бөлу ай сайын қайта қаралады.
Ал отбасының табысы азайса немесе материалдық жағдайы жақсарса, жүйе оның санатын да өзгерте алады.
— Мысалы, қазан айында үй шаруашылығы В санатында болса, бірақ белгілі бір әлеуметтік сын-қатерге байланысты жағдайы нашарласа, келесі айда автоматты түрде С санатына ауысуы мүмкін. Мұны түсіну маңызды: санат біржолата берілмейді. Жүйе әрбір үйдің жағдайын автоматты түрде жаңартып, өзекті мәліметтерді ұсынып отырады, — деді министр.
Айта кетейік, қазақстандықтар eGov порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы отбасының әл-ауқат деңгейін алдын ала бағалап, қай санатқа жатуы мүмкін екенін біле алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын онлайн-калькулятор арқылы өз отбасын тексеріп көрді. Нәтижесінде оның отбасы В санатына жатқызылды.
Баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа шыққан аналардың жәрдемақысы сақталады.