Ардагер медалін ұрлаған жасөспірімдер ұсталды

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Жеңіс мейрамына санаулы күндер қалғанда тыл ардагерінің мерейтойлық медалі ұрланды, деп хабарлайды 24.kz
None
None

Қостанай облысы Аманқарағай кентінің тұрғыны Вера Ковалеваға бұл төсбелгі ауыр жылдардағы азапты еңбегі үшін берілген болатын. Кейуананың мүлкін қолды қылған жеткіншектер тәулік ішінде қолға түсті. «Ұлы жеңістің 65 жылдығына» арналған медаль иесіне қайтарылды.

88 жастағы зейнеткер жалғыз тұрады. Үй шаруашылығына әлеуметтік қызметкерлер көмектеседі. Енді полицейлер де зейнеткерге қарайласып тұрмақ. Тәртіп сақшылары ұрланған заттарды тәулік ішінде тапты.

1941 жылы Вера әжей 16 жаста еді. Ол майдан даласында болған жоқ, бірақ тылдағы ерен еңбегімен жеңіске жетуге өз үлесін қосты. Соғыстың алғашқы жылдарында Орынбор қаласындағы әскери зауытта жұмыс істеді. Төсбелгі - кейуана үшін қатерлі шақтың жәдігеріндей қастерлі бұйым.

«20 минутқа дүкенге шығып кеттім. Келсем, үйім шашылып жатыр. Шифонер, сервант, шкафтың есігі ашық. Заттарымды түгендеп қарасам, медалім жоқ. Бұл оларға не үшін қажет болды екен деп ойладым. Жоғалған заттың барлығын қайтарды. Полиция қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Енді көңілім орнына түсті. Қанша дегенмен бұл менің ауыр бейнетімнің жемісі ғой. Мен үшін полиция қызметкерлері аяғынан тік тұрды», - дейді тыл ардагері Вера Ковалева.

Енді қауіп төнген жағдайда Вера әжей кезекшілік бөлімге ғана емес, ұялы телефонға да қоңырау шала алады. Учаскелік инспектор кейуанаға өзінің жеке нөмірін жазып қалдырды. Ал қылмыс жасаған жасөспірімдер ешқайда шықпау туралы қолхат берген. Тергеу аяқталған соң, сот үкімі шығарылып, олар тиісті жазасын алады.

Соңғы жаңалықтар