«Ардагерлерді ардақтайық»: Батыс қазақстандық үш ардагер бір күнде 90 жасқа толды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жыл қарсаңында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында тұратын үш бірдей Ұлы отан соғысының ардагері Рақым Сүндетбаев, Кереш Иманғалиев және Қапсиық Уәлиев бір күнде 90 жасқа толды. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасы Санжар Әлиев бастаған жергілікті партия атқа мінерлері ардагерлердің үйіне арнайы барып, жеңіс солдаттарын құттықтап, естелік сыйлық табыстады. Бұл туралы партияның ресми сайтынан хабарланды.
None
None

Алдымен аудан әкімі орталықта тұратын Рақым Сүндетбаев ақсақалдың шаңырағында болып, ардагерді торқалы тоқсан жас мерейтойымен құттықтап, иығына оқалы шапан жауып, естелік сыйлық жасалды. «Бүгінгі ұрпақ сіздердің ерліктеріңіздің алдында басын иеді. Аяулы ардагерлерге қандай құрмет те артық етпейді. ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ардагерлерге арнайы құттықтау хатын жолдап, құрметтеп жатқандығын өзіңіз білесіз. «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» атты арнайы жоба қабылдап, отты шайқаста жаудың сағын сындырып, тізесін бүктірген батырларға барынша назар аударып жатыр», - деді партияның Тасқала аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Санжар Әлиев.

Кемел шағында жауға қарсы тұрған қайратты солдат тоқсан жасты бағындырса да әлі тың, көңіл-күйі көтеріңкі. Тәуелсіз қазақ мемлекетінің әр жеткен жетістігін елдегі бірлік пен татулықтың арқасы екенін үлкен ықыласпен әңгіме етті. «Мәнді ғұмыр кешкен адамның жастық шағын аңсамайтыны жоқ шығар-ау! Дегенмен, мен өткен күнді аңсаудан гөрі елдің болашағына, ұрпақтың ертеңіне көз жүгіртіп отыруды қалаймын. Ойлап отырып, тәуелсіздік жылдары біздің ел адам айтса нанғысыз қарқынмен дамығандығын ақылға салып сараптаймын. Бұл Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының жемісі екенін үнемі айтып жүремін», - дейді абыз ақсақал.

Рақым аға 18 жасында, яғни 1943 жылдың қаңтар айында әскер қатарына алынып, Орынбор облысының Колтубановка, Партизановка, Тоцк, Чкалов, Павловка әскери қалашықтарында «Стрелковая подготовка бойца» курсынан өтіпті. Араға бір жыл салып 1944 жылдың ақпан айында II Беларусь майданы 4-Бежецк дивизиясының 101-атқыштар полкы құрамында «Максим» пулеметшісі болып қанды шайқасқа араласқан. Еліміздің ер жүрек ұлдарының бірі Рақым атамыздың майдан жолы, Беларусиядан басталып Польша жерін шапқыншылардан азат етіп, фашизмді толық талқандаумен аяқталды.

Соғысындағы ерліктері үшін Рақым атамыз «За взятие Варшавы», «За взятие Берлина», «За отвагу», «За победу над Германией» медальдарымен және Отан соғысының II дәрежелі орденімен марапатталды.

Бұдан бөлек, партия белсенділері Тасқала ауданының Мерей ауылдық округінде болып, онда Кереш Иманғалиев пен Қапсиық Уәлиевті тоқсан жас мерейтойымен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар