Ардаханда халықаралық алтайтану тұрақты конференциясыныің 59-шы форумы өтуде

Алқалы жиынның ашылу салтанатында сөз алған Д.Қыдырәлі қатысушыларды құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Түркі академиясы атқарған халықаралық ғылыми шаралар мен келешек жоспарлары жөнінде айтып, PIAC-тың келесі 60-шы форумын Астанада, TWESCO аясында өткізу жөнінде ұсыныс білдірді.
Академия басшысы, сонымен қатар, «Кавказ бен Орталық Азияның түркологиясына көзқарас» секциясында «Түркітанудың бүгінгі жай-күйі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада заманауи түркологияның негізгі мәселелеріне сараптама жасап, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Ардахан университеті мен Кавказ университеттері одағы ұйымдастырған биылғы 59-шы конференция «Алтай әлеміндегі мемлекеттілік» тақырыбына арналып отыр.
Ахмет Бижан Ежиласун, Иса Габиббейли, Йонг-Сонг Ли, Кемаль Абдулла, Олег Рустемов, Осман Фикри Серткая сынды көрнекті түркітанушы ғалымдар және Академия ғылыми қызметкері Тимур Козырев қатысып отырған конференция 30 маусымға дейін жалғасады.
Айта кету керек, PIAC (Permanent International Altaistic Conference) - Халықаралық Алтайтану тұрақты конференциясы жыл сайын әлемнің танымал түрколог-ғалымдары мен алтайтанушыларының басын қосатын іргелі халықаралық форумдардың бірі. PIAC 1957 жылы Германияда өткен ХХIV Халықаралық шығыстанушылар конгресінде құрылған болатын. Ең алғашқы бас хатшысы профессор В.Хайссинг болса, бүгінде ұйым хатшылығына Берлин еркін университетінің профессоры Барбара Кельнер-Хенкель ханым басшылық етеді.