Ардақ Әбіжанов Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры болды

АСТАНА. KAZINFORM — Теннисті дамыту қорының (Gorky Tennis Park) бас директоры Ардақ Әбіжанов Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры қызметіне тағайындалды.

Ардақ Әбіжанов
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, А.Әбіжанов жаңа қызметінде федерацияның коммерциялық қызметі мен даму бағыттарына жетекшілік етеді, демеушілер және серіктестермен өзара іс-қимыл мәселелеріне жауап береді. Сондай-ақ федерация қызметін коммерцияландыру және оның жалпы тиімділігін арттыру жұмыстарын үйлестіреді.

Ардақ Әбіжанов Нархоз университетін үздік тәмамдаған, University of International Business оқу орнында MBA дәрежесін алған. Сонымен қатар London Business School және Warwick Business School секілді жетекші халықаралық бизнес-мектептерінде білімін жетілдірген.

Еңбек жолын қаржылық консалтинг, аудит және мәмілелерді сүйемелдеу саласында әлемдік «Үлкен төрттікке» кіретін Deloitte және PwC компанияларында бастаған. Кейін Қазақстанның ірі компанияларында, оның ішінде Verny Capital компаниялар тобында басшылық қызметтер атқарды.

2017 жылдан бері Ардақ Әбіжанов кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Соның ішінде Қазақстандағы жеке заттарды сақтау қызметін ұсынатын алғашқы сервистің негізін қалады.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап Теннисті дамыту қорын (Gorky Tennis Park) басқарады. Бұл қызметте ол теннис инфрақұрылымын, балалар-жасөспірімдер және әуесқой спортты дамытуға бағытталған жобаларға стратегиялық тұрғыда жетекшілік етеді. Оған қоса Alatau Tennis Ortalygy теннис орталығының қызметін үйлестіріп, оның спортшыларды даярлау жүйесі мен Алматы қаласындағы теннисті дамыту ісіне тиімді ықпалдасуын қамтамасыз етеді.

А.Әбіжанов теннисті белсенді насихаттаушылардың бірі әрі Қазақстанның әуесқой теннис қауымдастығындағы жетекші ойыншылардың қатарында. Ол ҚСЛТ рейтингінің үздік бестігіне кіреді.

Ардақ Әбіжановтың Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры болып тағайындалуы – оның кәсіби тәжірибесі, басқарушылық құзыреті және елімізде теннисті дамытуға қосқан елеулі үлесінің жоғары бағалануының көрінісі.

А.Әбіжанов Теннисті дамыту қорының (Gorky Tennis Park) бас директоры қызметін де жалғастыра береді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде көш бастау мүмкіндігі туралы айтып бергенін жазған едік.