Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде көш бастау мүмкіндігі туралы айтып берді

АСТАНА. KAZINFORM — Уимблдон турнирі қарсаңында қазақстандық теннисші Елена Рыбакина осы додадан кейін әлемнің бірінші ракеткасы болу мүмкіндігі туралы әңгімелеп берді.

п
Фото: Тимур Дүйсекеев/Kazinform

Лондондағы баспасөз мәслихатында Е.Рыбакинаның мәлім еткеніндей, әлемдік рейтингіде көш бастаса, бұл керемет нәтиже болар еді.

— Бірақ шынымды айтсам, бұл туралы көп ойланбаймын. Өйткені осыған дейінгі ойын нәтижелері көңілдегідей болған жоқ. Қазіргі кезде мен үшін әр матчтан келесісіне сенімді қадам басу маңызды, - деді ол.

2022 жылғы Уимблдон чемпионы көгалдағы маусымға дайындық барысында дене дайындығы мен осындай корттағы ойынға бейімделуге екпін түсірілгенін атап өтті.

— Дене дайындығы тұрғысынан қарасақ, көгалдағы кортта алғашқы соққыдан-ақ белсенді болып, ойын тізгінін бірден қолға ала білу аса маңызды. Біз бұған әзір болу үшін көп жұмыс істедік, Ролан Гарростан кейін менде дайындыққа уақыт жеткілікті болды. Жақсы жұмыс істедік деп үміттенемін. Мұның бәрі турнирде пайдаға аса ма, көреміз. Дегенмен меніңше, бәрі дене дайындығынан басталады, содан кейін тікелей кортқа бейімделесің, — деді теннисші.

Рыбакинадан баспасөз мәслихатына қатысушылар 2022 жылы Уимблдонда жеңімпаз атанған кезбен қазіргі көңіл күйді салыстыруды өтінді. Оның сөзіне қарағанда, ондай табысты өзі күтпеген еді. Ал турнирдің шешуші бәсекелерінде өнер көрсету тәжірибе жинақтап, мұндай жағдайларды сабырлы қабылдауға мүмкіндік берді.

— Мен 2022 жылғы жеңісті мүлдем күтпеген едім, өйткені оған дейін менде мұндай тамаша нәтиже болған жоқ. Бәрі күтпеген жерден болды. Бұрын турнирлерде бұлай ұзақ ойнаған жоқ едім. Ширек және жартылай финалдан бастап мен мазасыз күйге түстім. Одан кейін қалай болатынын білмегеннен кейін ұйықтау да қиынға соқты. Дегенмен осының бәрін жеңе біліп, титулды жеңіп алғаныма мақтанамын. Бұдан соң сені қандай жол күтетінін білесің, көп ештеңе таңғалдыра алмайды, — деді Рыбакина.

Бұдан бөлек, 27 жастағы қазақстандық спортшы турнирге дайындық барысында өзінің үздік матчтарының бейнежазбаларын қайта қарай ма, соған да жауап берді. Оның пікірінше, бейнеталдау жаттығу үдерісінің маңызды бөлігі болып қала береді, бұл тиімді ойын шешімдерін табуға септеседі.

— Иә, мен кейбір бейнетаспаларды, әсіресе, өзім жақсы ойнаған сәттерді қайта қараймын. Егер қазір бір нәрсе үйлеспесе, бұрынғы ойынға қайта оралып, пайдалысын алу артық етпейді. Мұның сол жеңісті турнирден болуы міндетті емес. Бұл бір жыл бұрынғы немесе басқа ойын сәті болуы мүмкін немесе не нәрсеге қол жетті, соны қарауға болады. Сондықтан біз әркез бейнетаспаны қайта қарап, ойынға талдау жасауға тырысамыз, — деп қосты теннисші.

Әлемнің екінші ракеткасы Уимблдонның алғашқы айналымда WTA рейтингісінде 154-орында тұрған, 23 жастағы франциялық Лоис Буассонмен кездеседі.

2025 жылы франциялық теннисші өз еліндегі Ролан Гарроста сенсация жасап, жартылай финалға дейін жетті. Ол турнир барысында әлемдік рейтингіде алғашқы ондыққа кіретін ресейлік Мирра Андреева мен америкалық Джессика Пегуланы жеңді. Кейін ол Гамбургте WTA жарысында спорттық жолындағы алғашқы титулына қол жеткізіп, маусымды рекордтық көрсеткішпен – әлемдік рейтингіде 36-орынмен қорытындылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Польшадағы турнирдің финалына шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер үшін Уимблдон турнирі биыл сәтті бола ма, ол да хабарланды.