Әрдайым «демалыс маусымына толық дайынбыз» деген әдемі есеп беріледі — Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов отандық туризм саласының дамуында кемшіліктер барын мойындады.

— Туризм саласында проблема бар екенін жоққа шығармаймын. Көптеген курорттық орын мен демалыс аймағы әлемдік стандарттарға ғана емес, қауіпсіздік пен жайлылық бойынша негізгі талаптарға да сай келмейді, келісемін. Бұл бағытта жұмыс жүргіземіз. Өкінішке қарай, әрдайым демалыс маусымына толық дайынбыз деген әдемі есеп беріледі. Алайда іс жүзінде олай болмай жатады. Үкімет тарапынан бұл ретте олқылық бар екенін мойындаймыз, — деді Премьер-министр.
Сондай-ақ Олжас Бектенов еліміздің қай өңірлерінде демалысын өткізгенін тілге тиек етті.
— 2021 жылы Алакөлде болдым. Сол демалыстан кейін, ешқайда барған жоқпын. Ең жақын Бурабайға да шыға алмай жүрмін. Кендерлі мен Алакөлге іссапармен бардым, шомылған жоқпын, жағдаймен таныстым. Өздеріңіз білесіздер, Кендерліде әуежай салып жатырмыз. Келесі жылдың басында іске қосылады деп үміттенеміз, бұл өз әсерін береді, — деп толықтырды Үкімет басшысы.
Айта кетсек, бірер күн бұрын вице-премьер Ермек Көшербаев Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс аймақтарын тексерді.
Артынша Алакөл жағалауындағы кемшіліктер анықталып, нақты тапсырмалар берілді.