Аргентина билігі қатаң үнемдеу саясатына көшеді

қатаң үнемдеу шаралары
Фото: euronews.com

Аргентина ұлттық валютаның екі есе құнсызданғанын және мемлекеттік шығындардың қысқарғанын жариялады. Ондағы мақсат – елді ұзаққа созылған дағдарыстан алып шығу. Kazinform бұл туралы Euronews арнасына  сілтеме жасап хабарлайды. 

Жақында сайланған президент Хавьер Милейдің үкіметі қатаң экономикалық шаралар ұзаққа созылған дағдарыстан шығуға көмектеседі деп есептейді. Песоның долларға қатысты ресми бағамы қазіргі 366-дан 800-ге дейін төмендейді. 

Билік сондай-ақ министрліктердің санын, энергетика және көлік субсидияларын қысқартып, мемлекет қаржыландыратын инфрақұрылымдық жобаларды тоқтатпақшы. Экономика және қаржы министрі бұл жоспарларды жүзеге асыру қиынға соғатынын ескертті. 

- Бірнеше айдан кейін жағдай қазіргіден де қиындай түсуі мүмкін. Әсіресе инфляция бойынша. Мұны айтып отырған себебім, президент айтқандай, тәтті өтіріктен ащы шындық артық, - деді Аргентинаның экономика министрі Луис Капуто. 

Халықаралық валюта қоры Аргентина билігінің бұл әрекетін құптап, бұл елдің қарызы бойынша келіссөздер жүргізуге жақсы негіз болатынын айтты. 

Бүгінгі таңда Аргентинада кедейлік деңгейі шамамен 45%-ды құрайды. Жылдық инфляция 150%-ға жақындап қалды. 

Соңғы жаңалықтар