Аргентина соты Венесуэла басшысы Мадуроны қамауға алуға ордер берді
АСТАНА.KAZINFORM – Николас Мадуро мен басқа да бірқатар Венесуэла басшылары адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Аргентина соты осындай қылмысқа қатысты жалпыға бірдей юрисдикция негізінде ордерлер шығарды, деп жазады DW.
Аргентина соты дүйсенбі, 23 қыркүйек күні Венесуэла басшылығының бірқатар мүшелерін, соның ішінде осы елдің басшысы Николас Мадуроны қамауға алуға ордер берді.
«Аргентинаның әділет органдары Николас Мадуроны, Диосдадо Кабельоны және Венесуэла үкіметінің басқа басшыларын адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны үшін қамауға алуға рұқсат берді», - деп хабарлады Венсуэла басшыларын қамауға алуға қол жеткізген аргентиналық демократияны қорғау форумы.
Сот қаулысында «Венесуэлада кем дегенде 2014 жылы әзірленген және бүгінгі күнге дейін қолданыста болып келген қуғын-сүргін, адамдардың күшпен жоғалып кетуі, азаптау, кісі өлтіру және бейбіт тұрғындардың бір бөлігіне қатысты қудалаудың жүйелі жоспары бар» екендігі дәлелденген.
Аргентина соты қамауға алуға ордер берер кезде адамзатқа қарсы қылмыстарды қамтитын жалпы юрисдикция принципін басшылыққа алды.
Венесуэланы 2013 жылдан бері басқарып келе жатқан Мадуро елдегі режимді жақтаушылардан тұратын сайлау комиссиясы оны жеңімпаз деп жариялағаннан кейін үшінші рет президенттік мерзіміне қол жеткізді. Алайда Венесуэла үкіметі Мадуроның жеңісін растайтын дауыс беру нәтижелерін әлі жариялаған жоқ.
Бұған дейін Венесуэла соты Аргентина президентін қамауға алуға ордер бергенін хабарлаған болатынбыз.