Аргентинада 20 мың мемлекеттік қызметкерге жұмыстан өз еркімен кету ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Аргентина үкіметі мемлекеттік аппаратты қысқартып, бюджет шығындарын азайту үшін 20 мың мемлекеттік қызметкерге өз еркімен жұмыстан кету мүмкіндігін ұсынды. Бұл туралы Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Ұлттық БАҚ-тың хабарлауынша, жұмыстан өз еркімен кетуге келіскен мемлекеттік қызметкерлерге еңбек өтіліне қарай 20 айлық жалақыға дейін біржолғы өтемақы беріледі.
Бағдарлама күштік құрылым, Ұлттық өрт бақылау қызметі және қарулы күштер қызметкерлеріне қатысты емес.
Аргентинаның мемлекеттік басқаруды реформалау және реттеуді қысқарту жөніндегі министрі Федерико Штурценеггердің айтуынша, бағдарламаны шамамен 20 мың мемлекеттік қызметші пайдалана алады.
Жарлыққа сәйкес, орталық мемлекеттік әкімшілік қызметкерлері 2026 жылғы 1-30 қараша аралығында өтініш бере алады. Үкімет бұл мерзімді бір рет, 30 күннен аспайтын уақытқа ұзарта алады.
Ресми басылымда жарияланған жарлық бойынша, бағдарламаға орталық мемлекеттік әкімшілікте тұрақты штаттық негізде жұмыс істейтін қызметкерлер ғана қатыса алады. Ол жалпы 20 мың адамды қамтиды.
Қызметкерлер жасы мен зейнетақы жарналарына қарай үш топқа бөлінеді. Мемлекеттік қызметтен кетуге келіскендерге еңбек өтіліне қарай 20 айлық жалақыға дейін өтемақы және қосымша бес айлық жалақыға дейін төлем беріледі.
Тәртіптік тергеуге іліккен және мемлекетке қарсы сот талаптарынан бас тартпаған қызметкерлер бағдарламаға қатыса алмайды.
Бағдарламаға қатысқан қызметкерлердің штаттық орындары қысқартылады. Сонымен қатар олар мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін сегіз жыл бойы мемлекеттік қызметке қайта орналаса алмайды.
Еске салайық, бұған дейін Аргентинада 2026 жылдың алғашқы алты айында кедейлік деңгейі 28,2%-дан 32,3%-ға өскенін жазғанбыз. Бұл туралы елдің Ұлттық статистика және халық санағы институты жариялаған мәліметтерде айтылған.