Аргентиналық шабуылшы мадридтік «Реалдың» қақпасына төрт гол соқты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан Испания чемпионатының 31-турында «Жирона» өз алаңында Мадридтің «Реалын» қабылдап, 4:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төрт голды да «Жиронада» ойнайтын аргентиналық шабуылшы Валентин Кастельянос соқты.

В.Кастельянос 12-минутта есеп ашты. 12 минуттан кейін есепті 2:0-ге жеткізді. 34-минутта «Реалдан» бразилиялық Винисиус Жуниор есепті қысқартты. Әйтсе де 46-ыншы және 62-минутта Мессидің отандасы тағы да мергендігімен көзге түсті. 85-минутта «Реалдан» испаниялық Лукас Васкес матчтың нүктесін қойды.

Бұдан бұрын «Реалдың» қақпасына 2012-2013 жылғы маусымда дортмундтық «Боруссияның» шабуылшысы Роберт Левандовский Чемпиондар лигасының жартылай финалында төрт гол соққан еді.

Ал Испания чемпионатында ХХІ ғасырда В.Кастельянос «Реалмен» ойында покер авторы атанған бірінші футболшы болып отыр.

Испания біріншілігінде «Реал» 65 ұпаймен турнир кестесінде екінші, ал «Жирона» (41 ұпай) тоғызыншы орында тұр.

«Реалдан» бір ойыны кем «Барселона» 76 ұпаймен жекедара көш бастап келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мессидің «Барселонаға» қайта оралған жағдайда жылына 25 млн еуро көлемінде жалақы алатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар