Аргентинаның экс-министрі Кеден одағы елдеріне монетарлық одақ құру кезінде Еуропаның қателігін қайталамауды ескертті

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Монетарлық одақты құру кезінде Кеден одағы елдері Еуропаның қателігін болдырмауы шарт.
None
None

Бұл туралы бүгін VI Астана экономикалық форумының аясында өткен «Аймақтық ықпалдастық: Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрудың перспективалары» атты панельдік сессияда Аргентинаның бұрынғы Экономика министрі және Орталық банктің бұрынғы басшысы, Йель университетінің қызметкері Доминго Кавалло мәлім етті.

«Монетарлы ықпалдастыққа көшу өте қауіпті. Өйткені ол тиісті процедураларды, банктік және қаржылық қадағалауларды орнатуды талап етеді. Себебі олар бүгінгі уақытқа дейін жүйеге келтірілмеген. Сіздер Кеден одағы аясында бір уақытта монетарлық және банктік одақтың құрылатыны туралы айтып келесіздер. Еуропа одағының тәжірибесіне сүйене отырып, олардың жасаған қателіктерін қайталамау қажет. Олар тез арада монетарлық және банктік одақ құрды және қазіргі уақытта оларға бірқатар қиыншылықтардың шешімін іздестіруге тура келуде», - деді Д.Кавалло.

Сонымен қатар танымал оңтүстікамерикалық қайраткер Аргентина мен Бразилия ықпалдастығындағы кемшіліктерді атап, оларды Қазақстанның Кеден одағы аясындағы жағдайымен салыстыруға тырысты.

«1994-1995 жылдары Аргентина мен Бразилия монетарлық реформалар атқарып, макроэкономикалық байланыстарды реттеу мақсатында өз валюталарын долларға байлап қойған болатын. Сол уақытта Аргентина мен Бразилия реформаторлары бұл қадамның дұрыстығына күмән келтірмеген еді. Алайда фискалды жауапкершіліктің жеткіліксіздігі 1999 жылы Бразилияда, 2001 жылы Аргентинада дағдарыс тудырды. Себебі бірқатар қадамдар біріздендірілген жоқ. Бүгінгі күні Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын, сол кездегі Бразилия-Аргентина ықпалдастығымен салыстыратын болсақ, Қазақстан мен Ресей оңтүстікамерикалық мемлекеттерге қарағанда монетарлық саясатты жүргізуге әлдеқайда дайын болып отыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар