«Арғымақ» кешеніндегі балаларға арналған иппотерапия қызметі өзгермейді

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда әкімдігі қалалық мәслихат депутаттарының «Арғымақ» ат спорты кешеніндегі балаларға арналған иппотерапия болашағына қатысты алаңдаушылығына жауап берді. 

«Арғымақ» кешеніндегі балаларға арналған иппотерапия қызметі өзгермейді
Фото: Астана әкімдігі

Астана қалалық мәслихатының депутаты Владислав Сергеев «Арғымақ» ат спорты кешенін сенімгерлік басқаруға беру көзделіп отырғанын айтып, иппотерапия (тірек-қозғалысында ақау бар адамдарды атқа мінгізіп оңалту — ред.) қызметіне мұқтаж балалардың болашағына алаңдайтынын білдірді.

— Өкінішке қарай, бюджеттің, халықтың ақшасына салынған нысандарымызды жеке компанияларға берудің осындай механизмі бар. Сонда олар біздің ақшамызға сатып алынған немесе салынған ғимаратты басқарудан ақша табады. Меніңше, бұл бюджеттік шаруашылықты басқарудың, бюджетті жұмсаудың соншалық тиімді тәсілі емес. Сондықтан осы жағдайды тағы бір талдап шықса деген өтінішім бар. Өйткені о баста аталған нысан ерекше балаларға иппотерапия қызметін көрсету үшін сатып алынып жатқаны, балалардың бәрі ақысыз кіре алатыны айтылған. Бірақ әдетте сенімгерлік басқарушы келген соң қызметтің көбін ақылы ете бастайды, — деді Владислав Сергеев.

Осыған орай агенттік сауалына жауап берген Астана әкімдігі кешенді тиімді пайдалану мақсатында оны әрі қарай пайдалану мен дамыту бойынша әртүрлі нұсқалар қарастырылып жатқанын, оның ішінде сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі де бар екенін атап өтті.

— Егер сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданатын болса, онда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, нысанды сенімгерлік басқаруға алатын қатысушы тиісті рәсімдерден кейін анықталады. Сонымен қатар, барлық әлеуметтік міндеттеме, оның ішінде иппотерапия толық көлемде сақталады, — деп сендіреді әкімдіктен.

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері «Арғымақ» кешенінде 900-ден астам балаға иппотерапия бойынша тегін сабақ өткізілген. 

Айта кетелік иппотерапия медициналық оңалтудың клиникалық хаттамасына енгізілмек

Соңғы жаңалықтар