Археологиялық мұраға қауіп: Сианьда турист екі терракота жауынгерін зақымдады

АСТАНА. KAZINFORM — Ер адам ежелгі саз балшықтан жасалған мүсіндерге әртүрлі дәрежеде зақым келтірген, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі The Guardian-ге сілтеме жасап.  

Сианьда турист екі терракота жауынгерін зақымдады
Фото: Weibo и X

Сенбі күні Қытай билігі Сиань қаласындағы терракота жауынгерлері орналасқан археологиялық қазбада жергілікті турист қоршаудан асып өтіп, шұңқырға секіріп, екі ежелгі мүсінді зақымдағанын хабарлады.

30 жастағы ер адам жұма күні әйгілі терракота армиясы орналасқан музейге келген. Полиция мәліметінше, ол «қоршау мен қорғаныс торынан асып өтіп, төмен секірген». Ресми мәлімдемеде ер адамның психикалық ауытқуы бар екені айтылған. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

— Ер адам саз мүсіндерді итеріп, тартып, нәтижесінде екеуіне әртүрлі дәрежеде зақым келтірген. Оны музейдің күзет қызметкерлері ұстаған, — деп хабарлайды The Guardian.

Музей деректеріне сәйкес, турист секіріп түскен қазбаның тереңдігі 5,4 метрге дейін жетеді.
Терракота армиясы шамамен б. з. д. 209 жылы Қытайдың тұңғыш императорының кесенесін күзету үшін жасалған. Бұл топтамада шамамен 8000 саз мүсін бар және ол Қытайдағы ең маңызды археологиялық жаңалықтардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, бұл ежелгі қытай өнері мен әскери шеберліктің символы ретінде танымал.

Бұл армия Солтүстік Қытайдағы Шэньси провинциясының астанасы — Сиань қаласының басты көрнекі орындарының бірі болып табылады. 1987 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.

Музей қызметкері AFP агенттігіне сенбі күні берген сұхбатында экспозиция қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлаған.

 

 

Соңғы жаңалықтар