Археологиялық олжаны жымқырғандарға жаза күшейтіле ме

Археология
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрлігі археологиялық олжаны жымқырғандарға қандай жаза қолданылатындығын мәлім етті.

«Еліміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асатын болса, оның 80 пайызы археологиялық объектілердің үлесінде», - деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Осы орайда ведомство мәдени құндылық саналатын археологиялық олжаларды жымқырғандарға мынадай жаза тағайындалатындығын атап өтеді:

- ҚР Қылмыстық кодексінің 193-бабына сәйкес, ерекше тарихи, ғылыми, көркемдiк немесе мәдени құндылығы (Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңының 15-бабына сай археологиялық олжалар мәдени құндылықтар саналады) бар заттарды немесе құжаттарды жымқырғандар оларды ұрлау тәсiлiне қарамастан мүлкi тәркiленiп немесе онсыз 3 жылдан 6 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға;

- алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет - мүлкi тәркiленiп, 7 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға;

- оларды жымқыруды қылмыстық топ жасаса және олардың әрекеті құндылықтарды жоюға не бүлдіруге әкеп соқса – мүлкi тәркiленiп, 10 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға;

- Қылмыстық кодекстің 295-бабына сай археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға;

- археологиялық олжаларды іздестіруде арнайы техникалық құралдарын (металл іздегіштер, радарлар, магниттік аспаптар, топырақ қабатында археологиялық заттардың болуын айқындауға мүмкіндік беретін басқа да техникалық құралдар) немесе жер қазатын машиналарды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 5 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

«Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары археология саласындағы мәселелер бойынша Қылмыстық кодекске айыппұл деңгейін көтеру жөнінде мәселе қозғады. Алайда ол ұсыныс Әділет министрлігі тарапынан ресми жазаға тартылғандар санының соңғы жылы 2 адамды ғана құрағанын ескере отырып, қолдау таппады», - деді министрліктен.

Соңғы жаңалықтар