Түркияның ежелгі қаласынан 2 мың жыл бұрынғы көз бояуы мен бетке жағатын далап табылды

Археологтар Түркияның Күтахия провинциясындағы көне Айзаной қаласында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 10 түрлі-түсті сирек кездесетін макияж өнімдерін, сондай-ақ шашқа арналған аксессуарлар мен зергерлік бұйымдарды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Arkeonews сайтына сілтеме жасап.

Айзаной
Фото: ҚазАқпарат

Айзаной қаласы Батыс Анадолыда, Күтахия провинциясынан оңтүстік-батысқа қарай 48 км жерде орналасқан.

Қаланы 1824 жылы еуропалық саяхатшылар ашқан және 1830-1840 жылдары зерттелген. Айзанойдағы ғылыми қазба жұмыстарын 1926 жылы неміс археологиялық институтының тапсырмасы бойынша Д.Кренкер мен М.Шеде бастаған. Қазір қазба жұмыстарын Думлупынар университеті жүргізіп жатыр.

Айзаной - Рим дәуіріндегі ең маңызды қалалардың бірі. Онда әлі күнге дейін сақталған Зевс ғибадатханасы, стадион-театр кешені және базар (мацеллум) бар.

Күтахия провинциясының билік өкілдері мен Думлупынар университеті бірлесіп жүргізген қазба жұмыстары Зевс ғибадатханасының шығысына жүргізілді, деп хабарлады Думлупынар университетінің археология факультетінің жетекшісі профессор Гекхан Джошкун.

Археологтар көне қаланың базар алаңынан 2000 жылдан астам тарихы бар дүкендерді қазу барысында косметика және зергерлік бұйымдар дүкенінің қалдықтарын тапты. Белгілі болғандай, дүкенде парфюмерия, зергерлік бұйымдар мен косметика сатылған. Оқиға орнынан парфюмерлік құтылар, зергерлік бұйымдар мен косметика табылды.

«Ежелгі римдіктер опа-далаптарды ұлу қабыршығында сақтағаны бұрыннан белгілі, біз қазба жұмыстары жүргізілген дүкендерден көптеген ұлу қабыршықтарын таптық», - деді Джошкун.

Профессор археологтардың 10 түрлі-түсті макияж өнімдерін, сондай-ақ шашқа арналған аксессуарлар мен зергерлік бұйымдарды тапқанын айтты.

Бұл жерде қазба жұмыстары 1970 жылдан бері тұрақты жалғасып келеді.

Соңғы жаңалықтар