Архимед Мұхамбетов: Кейкі батыр кесенесі жанынан сервистік орталық ашу керек

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Амангелді ауданы әкімінің тұрғындарға есеп беру жиынына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.    

Архимед Мұхамбетов: Кейкі батыр кесенесі жанынан сервистік орталық ашу керек

Облыс әкімінің сөзінше, сервистік қызмет көрсету саласы шалғай ауылда сұранысқа ие болуы керек. Себебі, бұл - жұмыссыздықпен күресудің бір түрі.

«Қазір ақылы қызмет түрін қолдану заман талабына айналды. Сондықтан, бұл тұста Амангелді ауданы да қарап қалмауы тиіс. Аудан төңірегінде тарихи ескерткіштер жетерлік. Солардың бірі - Кейкі батыр кесенесі. Кесене орны Амангелді ауданы орталығына жақын тұстан әдейі таңдалды. Жаңа мемориалдық кешеннің құрылысы бойынша барлық жұмыстар белгіленген уақытта  аяқталды. Оның барысын үнемі қадағалап отырдық. Енді бұл маңайдан сервистік орталықтар ашу керек. Сонда жұмыссыздық мәселесі едәуір шешіліп қалады. Ол өз кезегінде аудан экономикасын алға бастыруға септігін тигізеді», - деді өңір басшысы.

Архимед Мұхамбетов сервистік орталықтар ашу кезінде ауданның экономикалық әлеуетін ескеру керектігін айтты.

«Кесенеге жақын орналасқан Амантоғай, Жалдама ауылдарында қонақ үй бар ма? Міне, осыны есепке алыңыздар. Кейкі батыр кесенесі күніне 4-5 адам соғып, тағзым ететін орынға ғана айналмауы тиіс. Қазір жол жақсы. 2019 жылдың соңына дейін Амангелді-Торғай тас жолы толық жөндеуден өтеді. Мынадай сəулетті ғимаратқа адамдарды көбірек тарту қажет. Ол үшін кесене маңынан келушілерге түрлі қызметтер ұсынылуы маңызды. Бұл жұмысты аудан әкімі басшылыққа алсын. Әртүрлі жолдарды қарастырыңыздар», - деді Қостанай облысының әкімі.

Еске салсақ, Кейкі батыр кесенесі «Киелі Қазақстан» жобасына енді. Ал белгілі құрылысшы Абай Мұқанов нысанды сәулет өнерінің осы заманғы көркем үлгісі деп бағалаған. Дулыға пішіндес 16 қырлы  дөңгелек кесененің биіктігі - 15 метрге жуық. Айта кетейік, құрылысқа іркіт пайдаланылған.