«Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
АСТАНА.KAZINFORM - ҚР Президентінің Архивінде оқушыларға арналған «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» оқу-зерттеу жұмыстары конкурсының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды архивтің баспасөз қызметі.
Астана мен Алматы қалаларында бір мезгілде өткен байқаудың финалында 60 оқушы тарихшылар мен архив саласының мамандары алдында өз жобаларын қорғады.
Президент Архиві «Астана дарыны» және «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырған конкурсқа биыл 140 жоба келіп түсті. Алдын ала іріктеу нәтижесінде Астана мен Алматы қалаларынан үздік деп танылған 30 жобадан қорытынды кезеңге жолдама алды.
ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Қайрат Әлімғазинов өз сөзінде еліміздің тарихи-құжаттық мұрасын өскелең ұрпақ арасында насихаттау Архив қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы орайда оқушыларды тарихты өз бетінше зерделеуге баулитын білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларына ерекше мән берілетінін жеткізді.
-Президент Архиві 2022 жылдан бері оқушылардың архив құжаттары мен өзге де тарихи дереккөздер негізінде өз отбасының тарихын зерделеуіне, зерттеушілік дағдыларын, шығармашылық әлеуеті мен тарихи санасын дамытуға бағытталған конкурс өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде конкурсқа 350-ден астам оқушы қатысып, өз отбасының тарихына арналған зерттеу жобаларын таныстырды, – деді Қайрат Әлімғазинов.
Биылғы конкурсқа ұсынылған жобаларда еліміздің өткеніндегі маңызды оқиғалар жекелеген адамдар мен әулеттердің тағдыры арқылы көрініс тапты. Оқушылар ру шежіресі мен ата-тек тарихын зерделеп, Азамат соғысы, Екінші дүниежүзілік соғыс, Қазақстанның тәуелсіздік алуы мен одан кейінгі даму кезеңдеріндегі оқиғаларды өз отбасының өткенімен сабақтастыра зерттеді. Сондай-ақ бірқатар жобада отандық ғылым, медицина және өзге де салалардың даму тарихынан сыр шертетін өмірбаяндық деректер ұсынылды. Ізденіс барысында жас зерттеушілер архив құжаттарына, отбасылық фотосуреттер мен естеліктерге сүйенді.
Қатысушылардың еңбектерін Архив мамандарынан, жоғары оқу орындарының оқытушыларынан және «Астана дарыны» орталығының өкілінен құралған конкурстық комиссия бағалады.
Конкурс нәтижесінде Астанада 6 оқушы арнайы номинация иегері атанса, 3 оқушы III дәрежелі, 2 оқушы II дәрежелі және 1 оқушы I дәрежелі дипломмен марапатталды. Алматыда да жеңімпаздар мен жүлдегерлер осы тәртіппен анықталып, оларға тиісті марапаттар табысталды.
-Бұл жоба маған ерекше әсер етті. Себебі мен өз ата-бабамның тарихын зерттедім. Өткенін білген адам бүгінін бағалап, ата-бабасының өнегесін келешек ұрпаққа жеткізе алады деп ойлаймын. Осы жоба арқылы атамның өмір жолын тереңірек танып, елімнің де тарихын зерттеуге мүмкіндік алдым, – деді байқаудың Астана қаласындағы І-орын иегері, №101 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Алина Балғина.
Конкурсқа «Алматыкітап», «Фолиант», «Атамұра» баспалары, MARWIN дүкендер желісінің кітаптарын ұсынған «Ақ Ниет Group» компаниясы, сондай-ақ ақылды колонкалар табыстаған «Яндекс-Қазақстан» компаниясы.
Айта кетейік, Президент Архивінің бастамасымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл конкурс мектеп оқушыларын отбасылық және мемлекеттік архивтермен жұмыс істеуге баулып, тарихи деректерді сыни тұрғыдан талдау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Өз әулетінің өткені арқылы ел тарихын танып-білуге мүмкіндік беретін бастама тарихи жадты сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Осыған дейін Астанада AI байқауының жеңімпаздары анықталды.