Архив қызметкерлерінің жалақысы өседі — заң

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

архив
Фото: Алма Мұқанова / Kazinform

— Бүгін біз архив ісін дамытуға қатысты заң жобасын екінші оқылымда талқылап отырмыз. Осы уақыт ішінде бұл құжат жан-жақты пысықталып, маңызды жаңа нормалармен толықтырылды. Олар негізінен салада жылдар бойы қордаланған түйткілдерді шешуге, архив ісін заманға сай дамытуға және өскелең ұрпақты ақпараттық кеңістіктегі жағымсыз контенттерден қорғауға бағытталған. Сондықтан да заң жобасының мәдени-рухани сала үшін маңызы ерекше деуге болады. Өйткені, архив — ұлттың жады, мемлекет тарихының құжаттық айғағы. Мұрағаттар саласын ұдайы жетілдіріп, дамытып отырудың мәні зор, — деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Заң жобасының негізгі новеллаларына мыналар жатады:

— Ұлттық архив қорының құрамын қала құрылысы, тәжірибелік-конструкторлық, жобалық-сметалық құжаттамалар, сызбалар және оларға қосымша мәтіндік жазбалар есебінен кеңейту;

— Құжаттарды тұрақты сақтауға қабылдау және цифрлық архивке өткізу тәртібін реттеу;

— Бюджет есебінен жасалған аудиовизуалды құжаттардың міндетті даналарын архивтерге тапсыру;

Ең бастысы, заң жобасына цифрлық архив туралы жаңа бап енгізілді.

Бұдан бөлек, заң аясында архив қызметкерлерінің жалақасын көтеру ескерілген.

— Өздеріңізге мәлім, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым міндеттердің бірі — мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыру. Осыған байланысты, заң жобасында жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтуге бағытталған нормалар көзделген. Енді, олар ауылдық жерлердегі архив саласы мамандарының лауазымдарының тізімін анықтай алады. Сол бойынша жалақыға қосымша 25 пайыз ақы төленетін болады. Сондай-ақ, Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебесі берілетін болады. Бұл шешім Парламент пен Үкіметтің елдің тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтаудағы архив жүйесінің рөлін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысының нәтижесі болды, — деді Е. Бейсенбаев.

Енді ұлттық архивтердің қызметкерлеріне еңбекақыны есептеу кезінде 1,75 еселік үстеме коэффициент қолданылады. Шамамен келесі жылы Астана мен Алматы қалаларындағы екі архив аталған ұлттық мәртебеге ие болады.

Соңғы жаңалықтар