Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелінің үкімі қайта қаралып, босап шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіпте А.Мұхамедиұлы, оның зайыбы Г.Искакова және адвокат М.Тулеевке қатысты қылмыстық істі қарады. 

Мемлекеттік қайраткер
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұған дейін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 13 ақпанда үшеуін соттаған:

Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚК-нің аса ірі мөлшерде пара алуға әрекеттенгені үшін (24-баптың 3-бөлігі — 367-бабының 4-бөлігі) және ҚК 58-бабының 3 және 6-бөлігі негізінде қылмыс жиынтығы бойынша алдыңғы сот үкімімен бірге 11 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. 

Оның зайыбы Г.Искакова пара алу бойынша делдалдық жасағаны үшін (ҚК 368-бабының 1-бөлігі) 6 айға бас бостандығынан айырылды. 

Адвокаты М.Төлеев аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін (ҚК 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы) 10 жылға адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 6 жыл 8 айға сотталған еді.

Бірінші сатыдағы сот А.Мұхамедиұлының 2022 жылдың желтоқсан айында Астана қаласының тергеу изоляторында жатып, әйелі Г.Искакованы делдал ретінде пайдаланып, адвокаты М.Төлеев арқылы лауазымды тұлғаларға қамаудан босату және «Дипломат» қонақ үйінің меншік құқығын сақтау үшін аса ірі көлемде пара бермек болғанын анықтады.

2022 жылғы желтоқсаннан бастап 2023 жылғы маусымға дейін елорданың әртүрлі жерлерінде Г.Искакова М.Төлеевке жалпы сомасы 400 мың АҚШ долларын және 27 миллион теңге берген, бұл ақшаны адвокат М.Төлеев алдау және сенімге қиянат жасау арқылы иемденген.

Сот үкіміне сотталушылар мен олардың қорғаушылары шағым түсірді.

Апелляция соты сотталғандардың кінәсі дәлелденді деген сот қорытындысымен келісті. Алайда бірінші сатыдағы сотта Г.Искакованың әрекеті пара алуда делдалдық жасауы толық аяқталған құрам ретінде дұрыс сараланбаған.

Жоғарғы соттың 2015 жылғы 27 қарашадағы жекелеген сыбайлас жемқорлық қылмыстарын қарау тәжірибесі туралы № 8 нормативтік қаулысының 18-тармағының түсіндірмесі негізінде делдалдың (Г.Искакова) әрекеті ақша тікелей пара алушының, яғни лауазымды адамның жеке өзіне берілгенде ғана аяқталған қылмыс саналады.

Бұл жағдайда пара алушы болмаған, өйткені М.Төлеев алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ақша иемденген, яғни алаяқтық жасаған.

Осылайша А.Мұхамедиұлының әрекетіне ұқсас Г.Искакованың делдалдық әрекеті оған қатысты емес мән-жайға байланысты аяқталмаған, өйткені олар лауазымды адамдарға ақшаны пара ретінде беруді көздемеген М.Төлеевке алданып қалған.

Апелляциялық саты Г.Искакованың әрекетін аяқталған қылмыстан пара алу бойынша оқталу (ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 368-бабының 1-бөлігі) санатына ауыстырды, бірақ бұрын тағайындалған 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды.

Сонымен бірге былтыр 5 шілдеден бастап Г.Искакованың үйқамақта ұстау мерзімін ескере отырып, үкім заңды күшіне енгенге дейін бір тәулікке бас бостандығынан айыру түріндегі екі тәулікке қамауға алу есебімен Г.Искакованың 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы өтелген деп есептелді.

Осылайша апелляциялық соттың қаулысымен А.Мұхамедиұлына және М.Төлеевке қатысты үкім өзгеріссіз қалды, ал Г.Искакованың үкімі өзгерді.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы 28 мамырда қамауға алынған еді.

Антикор музей басшысына «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу барысында қаржы жымқырды деген айып тақты.

Ал оның әйеліне пара берудегі — делдалдық, адвокатына — аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деген айып тағылды. 

Дегенмен Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта кінәсін мойындамады.

Сондай-ақ сот Арыстанбек Мұхамедиұлын үйқамаққа ауыстырудан бас тартты. 

Биыл 13 ақпанда ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Соңғы жаңалықтар