Арқалық әуежайынан Астана, Алматы және Қостанайға рейстер ашылады

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Арқалық әуежайынан үш бағыт бойынша әуе рейстері ашылады. Бұл туралы Қостанай облыстық мәслихатының кезекті сессиясында өңір басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

самолет, рейс, ұшақ
Фото: Александр Павский / Kazinform

Жоспар бойынша Арқалықтан Астанаға, Алматыға және Қостанайға тұрақты рейстер ашылады. Әуежайды Q400, ATR72 және CRJ200 үлгісіндегі өңірлік әуе кемелері пайдаланбақ. Олар қысқа және орта қашықтықтағы бағыттарға арналған.

Алдағы әуежайдың аумағы шамамен 3,2 мың шаршы метрді құрайды. Жолаушылар ағыны сағатына 70 адамға есептелген.

Бұған дейін Арқалықтағы әуежайды қайта қалпына келтіру жоспарланған. Әуе айлағын жаңғырту құны 8,4 млрд теңгеге бағаланған. Кейінірек әуежай құрылысын жүргізетін мердігер компания анықталды.

Айта кетейік, Үкімет Арқалық қаласының жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғыртуға қаражат бөлді.

Соңғы жаңалықтар