Арқалықтағы екі колледжде студенттер грантпен оқып жүріп, басқа өңірде жұмыс істеген

АСТАНА. KAZINFORM — Арқалық қаласының прокуратурасы Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі мен Арқалық политехникалық колледжінде бюджет заңнамасының сақталуына тексеру жүргізді.

Арқалықтағы екі колледжде грантпен оқып, басқа өңірде жұмыс істеген студенттер анықталды
Фото: Freepik

Тексеру барысында мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған.

Атап айтқанда, кейбір студенттердің мемлекеттік грантпен күндізгі бөлімде білім ала отырып, Қазақстанның басқа өңірлерінде бір уақытта еңбек қызметін атқарғаны белгілі болды. Прокуратура мұны мемлекеттік қаржыландыру шарттарының бұзылуы деп бағалады.

Қабылданған прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 3 млн теңге қайтарылды. Сонымен қатар заң бұзушылыққа жол берген бес лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, бұған дейін Қызылордада бюджет қаражатын жымқыруға қатысты 15 іс тергелгенін жаздық.