Арқаның құты: Баянауылдың қар басқан тауларында арқар көзге түсті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауыл ұлттық паркінің дерегінше, бүгінде бұл аумақта шамамен шамамен 800-ге жуық арқар бар. Олар үнемі таулы аймақтарда тіршілік етіп, тау шыңдарында жайылады.
Жергілікті табиғат жанашыры, блогер Аман Қанат өз Instagram парақшасында /@Tabigatym/ Баянауыл тауларынан дронмен түсірілген әсерлі кадрларды жариялады. Видеода тау шыңдарында емін-еркін жосып жүрген бір топ арқар бейнеленген.
— Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі! Арқар — табиғаттың көркі! — деп жазды табиғат жанашыры.
Арқар — еліміздің «Қызыл кітабына» енген жабайы жануар. Ертіс-Баян өңірінде жабайы жануарлар санының арта түсуі көңіл қуантады. Әдетте арқарлар адамдардан алыс, биік таулардың қойнауында жүреді және камера объективіне сирек түседі.
Баянауыл ұлттық паркі мамандарының айтуынша, бұл аумақта шамамен 800-ге жуық арқар бар. Олар негізінен Ақбеттау, Қызылтау, Желтау, Далбатау, Қалмаққырған тауларын мекендейді.
Бұған дейін Баянауылда жол жағалай жүгірген арқар кадрға түсіп қалды. Жануардың жол жағалай жүгіріп, ерекше мінез-құлық танытқаны желі қолданушыларының қызу талқысына түскен еді.