Баянауылда жол жағалай жүгірген арқар кадрға түсіп қалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында сирек кездесетін жануар – арқар камераға ілікті. Жануардың жол жағалай жүгіріп, ерекше мінез-құлық танытқаны желі қолданушыларының қызу талқысына түсуде.

арқар
Фото: видеодан алынған скрин

Арқар – еліміздің «Қызыл кітабына» енген жабайы жануар. Павлодар облысында олардың санының арта түсуі көңіл қуантады. Әдетте арқарлар адамдардан алыс, биік таулардың қойнауында жүреді және камера объективіне сирек түседі.

Бұл жолғы қызық көрініс Баянауыл ұлттық паркінің аумағында түсірілген. Жергілікті блогер Аман Жүсіпбаев жануардың жол жиегіндегі тор қоршауды жағалай жүгіргенін кадрға іліктірді. 

- Ұлттық табиғи парк аумағында жол үстінде күтпеген жерден арқарды кездестіріп, осы ерекше сәтті видеоға түсіру бақыты бұйырды, - деп жазды блогер.

Ұлттық парк мамандарының айтуынша, Баянауыл өңірінде 800-ге жуық арқар бар. Олар үнемі таулы аймақтарда тіршілік етіп, тау шыңдарында жайылады. Арқарлардың күйлеу кезеңі қазан–қараша айларында өтеді. Бұл уақытта аталықтары мен аналықтары бірге жайылады. Ал басқа мезгілдерде аталықтары бөлек жүреді.

Еске сала кетейік, Баянауыл ормандарында алғаш рет құну көзге түсті.