«Арлан» Қазақстан чемпионаты финалдық кезеңін сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты плей-офф сатысының финалдық кезеңі басталды.

Жарыстың аталған сатысында көкшетаулық «Арлан» мен өскемендік «Торпедо» командалары бақ сынайды.
Алғашқы матчта көкшетаулық команда ойын тізгінін өз қолында ұстады. Нәтижесінде алғашқы екі кезеңде қарсылас қақпасына жауапсыз алты гол соғып үлгерді. Шешуші үшінші кезеңде тағы үш гол енгізіп, өз қақпасына екі шайба жіберіп алды.
Осылайша «Арлан» алғашқы матчта қарсыласынан 9:2 есебімен басым түсіп, бас жүлдеге қол созуға жақындай түсті.
Енді алдағы ойын 9 сәуірде Өскеменде өткізіледі.
Одан кейінгі ойындар 13 және 15 сәуір күндеріне жоспарланған. Жеңімпаз бір команданың төрт жеңісінен кейін анықталады.
Айта кетсек, бұдан бұрын жартылай финалда «Арлан» қарағандылық «Сарыарқаны», «Торпедо» өзбекстандық «Хумо» командасын қапы қалдырды.