«Арлан» шайбалы хоккейден Континенталдық кубогында кімдермен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Арлан» командасының шайбалы хоккейден Континенталдық кубок ойындарындағы қарсыластары белгілі болды.

Халықаралық хоккей федерациясы 2024/2025 жылдардағы маусымда Континенталдық кубокта ойнайтын командалар құрамын жариялады.
Аталған турнирге еліміздің қазіргі чемпионы көкшетаулық «Арлан» командасы қатысуға мүмкіндік алды. Олар 15-17 қараша аралығында жарыстың үшінші іріктеу кезеңінде Е тобында «Кардифф» (Ұлыбритания), «Жилина» (Словакия) командаларымен кездеседі. Олардың тағы бір қарсыласы С тобындағы ойындар нәтижесі арқылы болады. Бұл топтағы командалар 18-20 қазан аралығында ойнайды.
Айта кетсек, Континенталдық кубоктың өткен маусымында астаналық «Номад» командасы жеңімпаз атанған еді.
Құрлықтық кубок Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алды.
Әр жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) екінші орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді.