Арман Исетов Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының өкімімен Арман Исетов Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

- Мемлекет басшысының өкімімен Арман Асқарұлы Исетов Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды, - делінген хабарламада.
1975 жылғы 17 желтоқсанда Қостанай облысында дүниеге келген.
1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Өзінің дипломатиялық қызметін 1998 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Шарт-құқықтық басқармасының референті ретінде бастады.
1999-2004 жылдары ҚР СІМ Халықаралық-құқықтық департаментінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
2004 жылдан 2008 жылға дейін – Нью-Йорктегі Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы, ал 2008-2009 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінде басқарма бастығы қызметін атқарды.
2009 жылы СІМ Халықаралық-құқықтық департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды, ал 2012 жылы осы департаментті басқарды.
2018-2022 жылдары – Нью-Йорк қаласында БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілінің бірінші орынбасары.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін 2022 жылғы сәуірден бастап Таиландтағы ҚР Елшісі лауазымын атқарды.
І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.
Айта кетейік, бүгін Президент елшілерді тағайындады.