Арманд Ассантенің Қазақстан туралы түсірген фильмі АҚШ-тағы халықаралық фестивальде жүлде алды

Бұл туралы бүгін Сенат депутаты Төлеген Мұхамеджанов журналистермен кездесу барысында мәлім етті.
Әлемге танымал актер Арманд Ассантенің «Даламен сырласу» фильмі өткен жылы Қазақстандық Рухани Келісім Конгресінің тапсырмасы бойынша түсірілген болатын.
Аталмыш Конгрестің президенті Т. Мұхамеджановтың айтуынша, бұл туынды Тампа қаласында (Флорида) өткен «Гаспарилла» Халықаралық кинофестивалінде «Үздік қысқа метражды деректі фильм» жүлдесін жеңіп алды.
Өзі сценарий жазып, өзі режиссер болған Арманд Ассантенің әсерлі фильмінің ұзақтығы 27 минут қана. Онда Арманд Ассанте қазақ елінің даму барысы туралы пікір өрбітеді. Ол соңғы екі жыл бойы Қазақстан туралы әсерлерін аталмыш деректі фильмге сыйғызуға тырысқан.
«Қазақстанның соңғы үш жүз жыл бойы, оның ішінде соңғы 80 жыл бойы басынан талай зұлматты кешсе де, бұл мемлекеттің толеранттылық пен бейбітшілік бастамасының туын көтеріп, бүкіл әлемге және күллі ғаламшарға өнегелі ел болуына кедергі болмады. Олардың Президенті соңғы 20 жыл бойы ғажайып шараларды жүзеге асыруда - дағдарысқа ұшыраған елге басшы болып, қазіргі уақытта халықаралық маңызды серіктес ретінде мойындайтын танымал елге айналдырды. Ол Қазақстанға Кеңес Одағынан мирас боп қалған, көптеген сынақтар нәтижесінде апатты із қалдырған әлемдегі көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналды жойды. Ол Ресейден қазақ халқының даусы естілгендігін талап еткен өңірдегі алғашқы тұлға болды», - дейді Ассанте «CineBistro» театрының дәрісханасында.
Бастапқыда Ассанте 2007 жылы 21-ден аса халықаралық фестивальдерде жүлделерге ие болған өзінің «California Dreamin'» фильмімен Қазақстанға кинофестивальге шақырылған болатын. Жұмыс күнтізбесіне байланысты Ассанте бұл шараға қатыса алмады, алайда қазақстан-американ продюсері Еркен Ялгашевтің жұмысынан әсер алып, сол жылы Қазақстанда сапармен болды.
Сол кезден бастап Ассанте қазақ мәдениетін, елін біліп-тануға қатты әуестене бастады.
«Қазақтар - көшпенділер мәдениетінің шынайы өкілдері. Мені таң қалдырғаны - олардың қажымас қайраты, олар қатаң жағдайларда өмір сүріп үйренген, тамаша жайдарман көңіл мен қонақжайлылыққа ие. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы ең мықты әрі жедел қарқынмен дамып келе жатқан экономикасы бар іргелі елге айнала алды.
Жеке мен үшін - бұл таңғажайып мемлекет. Мен Қазақстанда он мәрте сапармен болдым және әлі барамын да», - деп атап өтті Арманд Ассанте марапаттау рәсімі кезінде.