«Армандар орындалады»: Қарапайым жұмысшылар театрда өнер көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада алғаш рет жұмысшы мамандық иелері театр сахнасына шығып, көрерменге ерекше қойылым ұсынбақ. «Армандар орындалады» деп аталатын бұл жоба биылғы Қала күні қарсаңында сахналанады. Қойылым ұжымы «Jibek joly» телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болып, ерекше жобаны таныстырды.

театр
Фото: видеодан алынған скрин

– Бұл біздің көркемдік жетекшіміз Тұрсынбек Қабатовтың бұрыннан ойында жүрген идея еді. Бірақ бұл идея солай пісу керек болды. 2025 жылды Президентіміз «Жұмысшы мамандар жылы» деп жариялауын күткен секілдіміз, - деді қойылым авторы әрі режисері Нұржігіт Мүсілімов.

«Армандар орындалады»: Қарапайым жұмысшылар театрда өнер көрсетеді
Фото: видеодан алынған скрин

Жобаның да, қойылымның да атауы – «Армандар орындалады». Бұл атау жай ғана таңдалып қойылмаған. Оның артында мыңдаған адамның орындалмай қалған арман-жолы жатыр.

– Кейде таксиде жүргенде, не өзге жерлерде адамдармен әңгіме айтып қалсақ, актер екенімізді естігенде олар «Мен де кезінде актер, өнер адамы болғым келген, бірақ әке-шешем рұқсат бермеді, түрлі жағдайлар болып, өнер жолына түспедім» деп айтып жатады. Біз сол әңгімелерді естіп, сол кісілердің арманын орындағымыз келіп, жобаның атын «Армандар орындалады» деп қойдық, - дейді режиссер.

Қойылым сюжеті жұмысшы мамандар тұратын жатақханадағы өмірмен байланысты. Асханада бас қосқан түрлі маман иелері байқауға қатысып, өз мамандықтарының маңызын дәлелдеуге тырысады.

– Бұл шығармада көзге көрінбейтін салалар да жаңа қырынан ашылады. Жатақханада тұрғандықтан, бұл кейіпкерлердің арманы – пәтер. Ал финалды келіп көріңіздер, - деді Мүсілімов.

Жоба ерекше форматта – кәсіби емес адамдармен жұмыс істеуге негізделген. Қойылым сахнасында 12 адам өнер көрсетеді. Оларға 4 кәсіби актер және екі режиссер көмек көрсетіп жатыр.

– Актер емес адамдармен жұмыс істеу қиын. Бірақ маған 4 кәсіби актер көмектеседі. Менен бөлек актер шеберлігінен сабақ беретін тағы бір режиссер бар, - деді ол.

Қойылым алдында кастинг екі рет өткізілген.

– Бірінші кастингте жұмысшы мамандықтарды шақырдық. Ол кезде журналистер, мұғалімдер, дәрігерлер болған жоқ. Жұмысшы мамандар жұмыстарына байланысты дайындыққа толық қатыса алмады. Сондықтан, ауқымын кеңейтіп, екінші рет кастинг жасауға тура келді, - деп түсіндірді режиссер.

«Армандар орындалады»: Қарапайым жұмысшылар театрда өнер көрсетеді
Фото: видеодан алынған скрин

Осы жоба арқылы арманын орындаған 85 мектеп-лицейінің мұғалімі Майра Есенова кастинг жайлы Instagram-нан естіп, өзін сынап көруге бел буған.

– Біз кастингтің болатынын Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театрдың Instagram парақшасынан көрдік. Солай біз де қатысып, бағымызды сынап көрейік деп шешіп, кастингке келдік. Кастинг 2 мәрте өтті. Кастингке біраз адам қатысты, - деді ол «Бүгін LIVE» эфирінде.

Қазір дайындық қызу жүруде. Күніне бірнеше сағаттық жаттығуларға қарамастан, қатысушылар қойылымнан ерекше әсер алып жүр.

– Жұмыс барысы өзімізге ұнайды. Оңай деуге де келмейді, қиын тұстары да бар. Нұржігіт мырза қазір бізбен жұмыс істеп жатыр. Дайындыққа күніне 3-4 сағат уақыт кетеді. 1 айда қарапайым жұмысшылардан актер жасап шығару оңай емес. Сондықтан ұжымға көп рахмет айтамыз, - дейді Майра.

Айта кетейік, қойылымның тұсаукесері 5-6 шілде күндері сағат 18:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында өтеді.

Естеріңізде болса, бұған дейін Павлодардағы Аймауытов театры 36-шы маусымын қорытындылағанын жазған едік.

Ал бүлін Қызылордада академиялық театр жетпісінші маусымын аяқтады.

Соңғы жаңалықтар